$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Петропавлда психдиспансерде есепте тұратын адам автобус жүргізіп келген

AstanaTV
28.10.2023ж. 09:42
848
Петропавлда психдиспансерде есепте тұратын адам автобус жүргізіп келген

Петропавлда психикалық денсаулық орталығының есебіне алынған ер адам қала көшелерінде автобус жүргізіп, жолаушы тасымалдаған. Бұл дерек Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы жүргізген тексеріс кезінде анықталды, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін облыстың қадағалау органы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді.

Жиында өткен жыл мен биылғы 9 айдағы өңірдегі жол-көлік оқиғалары мен жарақаттануды азайту бойынша уәкілетті органдардың жұмысы қорытындыланды.

Кеңес барысында СҚО-да жол-көлік оқиғалары саны — 17,5%, ал зардап шеккен адамдар саны — 16,8% өскені атап өтілді.

«Жол қозғалысына қатысушылар тәртібінің төмендігі, уәкілетті органдар тарапынан заңмен қарастырылған шараларды қабылдамау жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері болып отыр. Тексеріс барысында жол қозғалысы саласындағы заңнама талаптарын жүйелі бұзу фактілері анықталды. Жергілікті атқарушы органдар „Жол қозғалысы туралы“ ҚР Заңының 24-бабының талаптарына қарамастан, полиция органдарының 79 жазбаша нұсқамасы бойынша оларды жою бойынша шара қабылдамаған» делінген прокуратураның хабарламасында.

Мәселен, күн сайын 6 мыңнан астам бала баратын өңірдегі 83 білім мекемесінің жанында тиісті жол белгілері болмаған.

Медициналық қарсы көрсетілімдер бойынша көлік жүргізуге тыйым салынған 138 адамның жүргізуші куәлігі болған. Қзаір олардың көлік басқару құқығын тоқтату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Облыс орталығында маршруттық автобустың жүргізушісі осы жылдың 2 мамырынан бастап психикалық денсаулық орталығында есепке алынған, соған қарамастан автобусты басқарды, осылайша қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді» дейді прокуратура қызметкерлері.

Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға қосымша жаяу жүргіншілер өткелдерін салу мәселесін пысықтау ұсынылды.

Облыстың полиция департаментіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп апаттық-қауіпті жол учаскелерінің реестрін жасау, проблемалардың тізбесін айқындау және оларды шешу ұсынылды.