$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған Костенко атындағы шахтаға барды

AstanaTV
28.10.2023ж. 13:27
1065
Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған Костенко атындағы шахтаға барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге келді, деп хабарлайды Kazinform Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған өрттен қаза тапқан кеншілер саны 21-ге жетті, 23 кенші әлі де жер астында.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы ауруханаларға 18 адам жеткізілді. Бір адам реанимацияда жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Оның құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.

Сондай-ақ, Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлады.