Ақмола облысы Целиноград ауданының Жаңаесіл ауылында жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары темекі шеккен оқушымен дөрекі сөйлеіп, қол көтергені жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұғалімнің мектеп оқушысымен дөрекі сөйлесіп жатқаны түсіп қалған бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланды. Желі қолданушылары мұғалімнің әрекетін сынға алған.
Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, осы дерек бойынша қызметтік тергеу жүргізілген. Белгілі болғандай, екінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 7, 9, 10-сынып оқушылары спортзалға волейбол ойнауға барған. Алайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі А.Ютина оқушылардың волейбол ойнағанын емес, 7-сынып оқушысы Д.Кимнің темекі шегіп тұрғанын көрген. Осы кезде мұғалім бірден мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Б.Мекебайды шақырған, ол оқушымен әңгімелескен.
Әңгіме барысында оқушы спортзалда темекі шегетінін мойындаған. Оқушының бұл жауабы мектеп директоры орынбасарының ашуына тиіп, ол эмоцияға ерік берген.
"Білім бөлімінің жұмыс тобы Жаңаесіл ауылындағы балалармен, ата-аналармен және мектептің педагогикалық ұжымымен әңгімелесті. Осы дерек бойынша жүргізілген талқылаудан кейін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі Д.Кимнен педагог Б.Мекебайға шағымдан бас тарту туралы өтініш келіп түсті. Дегенмен, бұл жағдай Жаңаесіл ауылы мектебінің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында қаралды, онда ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 14-тармағына сәйкес Б.Мекебайды жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды", – деді ведомство өкілдері.