Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды.
«Бүгін - елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні. Кеншілердің қазасы тұтас халқымыздың қабырғасын қайыстырып кетті. Апат салдарынан жақындарынан айырылған отбасыларға қайғыра көңіл айтамыз және сабыр тілейміз. Зардап шеккен кеншілердің сауығып, тез арада қатарға қосылуына тілекшіміз», - деді Сенат спикері.
Әшімбаев қазіргі таңда жағдай толық бақылауда екенін айтты.
«Кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысына арнайы барды. Зардап шеккен отбасыларға барлық деңгейде қолдау көрсетіледі.Тиісті тергеу жұмыстары да жүргізілуде. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жақын арада мемлекет меншігіне өтеді. Бұл – еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі екенін, сондай-ақ, аталған қағида барлық мүддеден әрдайым жоғары тұратынын көрсететін маңызды қадам. Елімізге және әр шаңыраққа амандық тілейміз. Енді мұндай қайғылы оқиғалар ешқашан қайталанбасын», - деп жазды Мәулен Әшімбаев.