Сән мен сахнаны қатар алып жүрген жас актриса Айжұлдыз Адайбекова туған күнін қымбат түнгі клубта атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.
27 жасқа толған актриса туған күнін ерекше форматта ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
“Жыл сайын туған күнімді асыға күтемін әрі оған ерекше дайындаламын. Бүгінгі образым да соған сай. Биыл өнер тақырыбын алдым. Қонақтарыма алдын ала тапсырма бердім. Өнер – шексіз әлем. Қонақтарым қалай киінгісі келеді, солай келсе екен деген ниетім болды. Сөзімді жерге тастамаған достарыма алғыс айтамын”, – дейді актриса.
Кешке жиналған қонақтардың образы таңдай қақтырғаны жасырын емес. Ерлі-зайыпты блогерлер Есентай мен Разия “ай мен жұлдыз” киімін қолмен өздері тігіпті. Отандық телехикаяларда бой көрсетіп жүрген Айым Сейтметованың айтуынша, 200-ден аса образдың ішінен таңдау қиынға түсіпті.
Туған күн кейіпкері сыйлықтың астында қалды. Бірі бренд сөмке әкелсе, енді бірі ақшалай ұстатып жатты.
“Осы кешке 10 мың АҚШ долларын жұмсадым. Теңгеге шаққанда бес миллиондай кетті. Бес қабатты торт жасатып, өнердегі 150 қыз-жігіттің басын қостым. Достарымның дені сыйлықты ақшалай беріп жатыр”, – деді ол.
Жұлдызды кеште Айжұлдыздың анасы – Жанар Айжанова ерекше көзге түсті. Қызының туған күніне бір тиын да қоспағанын ашық айтты. Қызының салтанатты өз қаржысына жасап жатқанын айтып ақталды.
“Мына жерде қарасаңдар, формат басқа. Мен қуаныштымын. Айжұлдызымның менсіз-ақ, менің атымды жамылмай-ақ, жаяу жүріп, еңбектеніп, жинаған достары. Шын ықыласымен келіп жатыр және де өздігінен дастархан жайып, өз қонағын күтіп жатыр. Айжұлдызға берілген сый-сыяпаттың бәрі – бағалы бренд. Ал гүлдері бір дүкен ашуға жетерлік”, – деп қуанышын жасырмады.
Айта кетейік, осыған дейін Айжұлдыздың театр сахнасындағы алғашқы дебюті туралы жазған болатынбыз.