Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

"Бір жылдың ішінде жұмыртқа бағасы 5-6 рет көтеріледі", - сарапшы

31.10.2023ж. 20:00
780
"Бір жылдың ішінде жұмыртқа бағасы 5-6 рет көтеріледі", - сарапшы

Дүкен сөрелерінен енді жұмыртқа таппай қалсаңыз таңқалмаңыз. Өндіріс үш есе азаяды. Себебі 12 құс фабрика жұмысын тоқтатты. Субсидияның алынып тасталуы, жемнің қымбаттауы тығырыққа тіреген. Бұл жұмыртқа бағасына қалай әсер етеді? Сүндет Оралбек сарапшылардың пікірін білді.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Мен жұмыртқаны күнделікті таңғы аста қуырып жеймін. Кемінде үш-төртеуін тұтынамын. Негізі елімізде айына орташа есеппен жан басына шаққанда 17 дана жұмыртқа пайдаланады. Енді көрсеткіш күрт төмендейді. Қазан айында өткен жылға қарағанда 70 мыңға кем өндірілді. Алда тағы 3 есеге азаяды. Енді үнемдеуге көшпесем болмас.

Кезінде жұмыртқа шығарудан әлемде төртінші орында болған отандық фабрикалар қазір тоқырау алдында тұр. Себебі, мемлекеттің көмегінсіз, өзіндік құнмен бәсекеге қабілетті болу қиын. Оның үстіне жем бағасының қымбаттауы жығылғанға жұдырық болды. Осы уақытқа дейін құс өнімдерін Ресейден алып келдік. Себебі, біздің ішкі өнім нарықты толық қамтамасыз ете алмайды. Енді көршілес ел жұмыртқа мен етті экспорттауды тоқтатпақ. Өйткені бұл тауар Ресейде де тапшы. Сарапшылар бұл жұмыртқа бағасының өсуіне әсер етеді дейді.

Руслан ШӘРІПОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰС ӨНДІРУШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір жылдың ішінде баға 5-6 рет көтеріледі. Былтырғы жылдарға қарағанда 200 миллиондай төмен болып тұр. Екі жыл болды жұмыртқадан субсидияны алып тастады. Ол әсер етіп отыр.

55-60 грамдық 10 дана жұмыртқа

Астанада 636 теңге

Алматыда 614 теңге

Шымкентте 600 теңге

СҚО, Ақтау мен Атырауда 540 теңге

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Егер бұдан артық қымбаттаса білмеймін. Бәріміз диетаға отыратын шығармыз.
- Менің ойымша Үкімет барлығын есепке алуы керек. Субсидия беріп, фермерлерге көмек көрсеткені дұрыс. Сонда баға біршама төмендейді.
- Жұмыртқасыз болмайды ғой. Қамыр илесең де, салат істесең де. Аламыз ғой қанша қымбат болса да.

Елде бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы орташа есеппен 1,4 %-ке өскен. Ал Атырауда өткен айда 8 пайызға қымбаттады. Дәл осылай фабрикалар жабылып, шеттен келетін құс өнімдері азайса бұл тауардың бағасына ауыздық салу қиын болмақ.