$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алаш қайраткерлері Францияның саяси тәжірибесін зерттеген – Қасым-Жомарт Тоқаев

AstanaTV
01.11.2023ж. 14:20
543
Алаш қайраткерлері Францияның саяси тәжірибесін зерттеген – Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронмен Ақордадағы кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемеде екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстың қай бағыттарда дамитынын айтты.

«Тарихымызда екі елге ортақ деректер аз емес. Халқымыздың біртуар перзенті Абай француздың атақты ақыны Жан де Лафонтеннің мысалдарын қазақ тілінде аударған. Алаш қайраткерлерінің көбі француз тілін жетік меңгеріп, француз елінің жоғары мәдениеті мен саяси тәжірибесін зерттеген. Қазақтың белгілі әншісі Әміре Париж сахнасында ән шырқап, талайды тамсандырған. Күш атасы Қажымұқан Францияның астанасында өнер көрсетіп, көрерменді таңғалдырғаны баршаға белгілі», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент бүгінгі кездесу кезінде білім және ғылым саласындағы жобаларды қолға алуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Осы орайда елімізде француз мектептерін ашуға, француз тілін үйретуге, академиялық байланысты арттыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылды. Біз мұны жоғары бағалаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, Франция Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға келді.

Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды деп жоспарланған.

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.