Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Жаңартылған WBA рейтингіндегі қазақстандық боксшылардың орны белгілі болды

AstanaTV
02.11.2023ж. 10:26
531
Жаңартылған WBA рейтингіндегі қазақстандық боксшылардың орны белгілі болды

Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) барлық салмақ дәрежесі бойынша рейтингінің жаңартылған нұсқасын жариялады, деп хабарлады Kazinform.

Аса ауыр салмақта Иван Дычко бір саты төмендеп, 11-орынға сырғыды. Рейтингінің басына Деонтей Уайлдер жайғасса, екінші қатарда Конго ДР өкілі Мартин Баколе, үшінші орында ұлыбританиялық Энтони Джошуа тұр. Бұл салмақтағы әлемнің «суперчемпионы» - украиналық боксшы Александр Усик.

Екінші орта салмақта Бек Нұрмағанбет бір саты жоғарылап, оннан тоғызыншы орынға көтерілді. Үздік үштікті франциялық Кристиан Мбилли, канадалық Эрик Базинян мен ирландиялық Патрик Макрори түйіндеп тұр. Осы салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы – мексикалық Сауль «Канело» Альварес.

Бірінші жартылай орта дивизионда Батыр Жүкембаев 14-орнын сақтап қалды. Бұл салмақ бойынша WBA-ның әлем чемпионы атағы әзірге бос. Үздік үш үміткер ретінде ұлыбританиялық Охара Дэвис, АҚШ боксшысы кіші Кеннет Симс пен венесуэлалық Исмаэль Барросо ұсынылды.

Екінші жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасатын Сұлтан Заурбек бір орынға төмен сырғып, алтыншы орынды місе тұтты. Көштің басын америкалық боксшы кіші Ламонт Роуч ешкімге берер емес. Одан кейінгі орындарға грузиялық Отар Эраносян мен ирландиялық Джоно Кэрролл орналасқан.

Екінші жеңіл салмақта Евгений Павлов үздік төрттікті түйіндеп тұр. Өзбекстандық Муроджон Ахмадалиев бірінші, мексикалық Кевин Гонсалес екінші, украиналық Олег Довгун үшінші орынды өзара бөліскен. Бұл салмақта WBA категориясы бойынша әлем чемпионы – филиппиндік Марлон Тапалес.