Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева отбасы құндылығы тақырыбын қозғап, бүгінгі жас келіндерге өз ақыл-кеңесін берді. Ол жанұядағы татулық пен бірлікті қалай сақтап қалу керектігін түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Cвета Айтбаева "Жақсы адамдарым" бағдарламасында қонақ болып, отбасы мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Димаштың анасы жас келіндердің басты қателігін атап, оларға өз ақылын айтты. "Біздің қатарластырымызда ренжісу, екі жаққа кетіп қалу, ажырасу, төркініне қайтып кету деген сияқты жайттар болмаған екен. Менің ойымша қазіргі жас келіндерге қажет дүние, "бас сынса, бөрік ішінде" дейді ғой. Отбасындағы ошақ басындағы әңгімені сырт жаққа тасымау керек. Ер азаматын ағайын-туысына, төркініне, қайын жұртына жамандап айтпау керек. Сол кезде ғана отбасында береке, тыныштық, керемет бірлік болады деп санаймын. Қазір жаңа түскен келіндер аналарына хабарласып, көп шағым айтып жатады. Өкінішке орай, бұл жайттар көптеп кездеседі. Осыдан қашық болу керек. Бір оттың басына келген соң, сол кішігірім отаның бірлігін сақтау үшін түк білдірмей, жаманын жасырып, жақсысын асырып бір түтінді түзу түтетіп отыру керек деп ойлаймын", - деді ол.