$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі талқыланды

AstanaTV
25.11.2016ж. 20:00
12396
Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі талқыланды

Дағдарыс кезеңінде Қазақстанға экономикасы қуатты мемлекеттердің тәжірибесі қажет. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Зерде» сараптамалық орталығы «Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі» тақырыбында  жиын өткізді. Қытай, Ресей мен Германияның білікті экономистері баяндама жасап, қаржы орталықтарының мамандары тәжірибесімен бөлісті. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, "Қазақстан-2050" стратегиясын жүзеге асыруда осындай жиындардың берері мол, дейді. Ал ресейлік экономист Михайл Хазин экономикалық дағдарыстан шығу жолдарына тоқталды.

Михайл Хазин, экономист, Ресей:

Экономикалық даму жағынан Қазақстан Ресейдің жасай алмай келе жатқан батыл қадамын жасады. Себебі бұл ел индустриалды дамуға бет бұрған. 90-жылдардың өзінде Қазақстан Ресеймен салыстырғанда жүйелі жоспар құрып, экономикалық дағдарыстан оңай шықты. Индустриалды экономикалық одақтың моделін жасақтауда Қазақстанның болашағы жарқын болып, әлемдік аренада абыройы артар еді.

Пікірлер ескеріліп, жетекші партияның сараптама орталығы экономикалық ахуалды негізге алатын болады. Қаржы дағдарысы АҚШ, Қытай сынды алпауыт елдердің экономикасына теріс ықпалын тигізуде. Сондықтан «Зерде» клубының негізгі идеясы - жаһандағы проблемаларды ашық талқылау.

Қанат Оспанов, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Зерде» сараптамалық орталығының бөлім меңгерушісі:

Әрине, біз зерттеулер жүргіземіз. Оны тоқтатуға болмайды. Оны болжау 10 жылдан соң, 20 жылдан соң әлем экономикасы қалай болатынын ешкім айта алмайды. Жалпы көзқарас болмаса, біз өз жолымызды дұрыс таңдай алмаймыз. Сондықтан біз абыройлы деген сарапшыларды жинап жатырмыз Астанада.