$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету кезінде Қазақстан қандай мәселелерге басымдық беретінін айтты

AstanaTV
03.11.2023ж. 14:30
1145
Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету кезінде Қазақстан қандай мәселелерге басымдық беретінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитінде жасаған баяндамасында Қазақстан ұйымға төрағалық ету кезеңінде ең басты сегіз мәселеге басымдық беретінін айтты, деп хабарлайды Ақорда. 

Қазақстан президенті бірінші басымдық салт-дәстүрге берілетінін айта келе,Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтіру керек екенін атап өтті.

"Шын мәнінде, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз", – деді – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол құзырлы органдарға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынды

"Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы елдеріміздің телехикаяларын, өзара насихаттау маңызды екенін атап өтті.

"Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз",-Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев екінші басымдық ретінде біріздендіру жұмысын атады.

"Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды. Біз мемлекеттеріміздің стандарттары және терминологиясын жүйелеген жөн деп санаймыз. Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді",- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, қазір түркі елдерінің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтады. Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады.

Бұдан бөлек, президент Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құруды ұсынды.

"Бұл орталық өнімді сынау нәтижелерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, үшінші басымдық реформалар болмақ.

"Ұйым қызметін оңтайландыру шараларын жалғастыру керек. Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерімізді тағайындау мәселесін тезірек шешуге шақырамын. Сондай-ақ хатшылық қызметкерлерінің санын көбейту туралы ұсынысты қолдаймыз. Түркі мемлекеттерінің сайлау саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруға болады. Соңғы кезде біздің ұйымға халықаралық және аймақтық құрылымдардың қызығушылығы арта түсті",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымына байқаушы мәртебесін беру туралы бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

"Төртінші, ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды. Осы орайда елдерімізде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашуды ұсынамын. Бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу керек. Тіл үйрететін бөлімдерді ашуға қатысты жұмысты реттеу қажет. Жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударған жөн",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы бесінші басымдық сенім болатынын айтты.

"Қазір аумалы-төкпелі заман болып тұр. Халықаралық ахуал да тұрақсыз. Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу аса маңызды. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек", – деді ол.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Түркі мемлекеттері Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-отырысын өткізуді ұсынды. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды.

Алтыншы бағыт инвестиция болатынын айтқан мемлекет басышысы аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беру керек екенін атап өтті.

"Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет. Қазақстан "Түркі жасыл қаржы кеңесін" құруды ұсынғанын білесіздер. Осы ұсынысты жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгін тиісті құжатқа қол қойылмақ",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда президент Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болғанын ерекше атап өтті.

Жетінші басымдық ретінде мемлекет басшысы медиацияның рөлін арттыруды атады.

"Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда, мемлекет басшысы Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

"Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің қызметі тоқырауға түскенін айта келе, Бас Ассамблеяның рөлін күшейту маңызды екенін атап өтті.

"Бұл ретте Қауіпсіздік кеңесін реформалау ісінде мейлінше сындарлы болу қажет. Біздің ойымызша, бұл маңызды орган әлемнің барлық аймағын қамтитын мемлекеттермен толығуға тиіс. Әсіресе, жаһандық Оңтүстік елдері тыс қалмауы керек. Әлемдегі күрделі үдерістерге қатысты түркі елдерінің іс-қимылдары барынша байыпты болғаны жөн. Бұл тұрғыда түркі интеграциясын бекемдей түсуге баса мән бергеніміз абзал", – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммитте сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев түркі бірлігін таныту үшін Қазақстанның төрағалығы "ТҮРКІ ДӘУІРІ!", яғни "TURKTIME!" ұранымен өтетінін хабарлады.