Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Елімізде паллиативтік көмек көрсету деңгейі қандай?

03.11.2023ж. 20:00
1235
Елімізде паллиативтік көмек көрсету деңгейі қандай?

Елімізде 107 мыңнан астам адам паллиативті көмекке мұқтаж. Оның жарьысына жуығы қатерлі ісікке шалдыққан. Алайда тығырыққа тірелген жандарға қолдау көрсететін паллиативті көмек саласының өзі қолдауға зәру. Депутаттар мен сарапшылар мемлекет тарапынан белгіленген тарифтың төмендігін айтып дабыл қағуда. Кадр тапшылығы мен нашар инфрақұрылым тағы бар.

Қалалық паллиативті көмек орталығында бүгінде 170 науқас бар. Сан түрлі тағдыр. Бұрын-соңды естімеген диагноздар. Мұндағы науқастар қатерлі ісік, инсульт, созылмалы жүрек, бауыр, тыныс алу жүйелері аурулары және деменцияға шалдыққан. Оразалы Нұралбаев – 70 жаста. Ол қуықасты безі обырымен ауырады. Қауіпті дерт омыртқа мен сүйектеріне тарап үлгерген. Бірақ арбаға танылған қария жақсылықтан үмітін үзбейді. Алғашқыда қолын сермеп, тіпті, өлімге дайындалғанын жасырмайды.

Оразалы НҰРАЛБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына ауру қиын болып жатыр ғой. Аяқтан жүре алмай, тамақ іше алмай қалғам. Осы жерге келіп тәуба деймін, жақсы болып қалдым. Жүрегің ауырады. Қанша адам өліп кетіп жатыр. Өзіммен бірге жатқан адамның екі-үшеуі өлді. Кешке жатты, укол салды, таңертең қимылдап жатты, одан кейін кетіп қалды.

Ал 65 жастағы Яры Рашидов өкпе обырына шалдыққанын 5 жыл бұрын өзінің туған күнінде естіпті.Содан бері 7 рет химиотерапия алған. Дертіне шипа іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Кейін жағдайы күрт нашарлап, осы орталыққа келіпті.

Яры РАШИДОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл орталықтағы дәрігерлер екі рет мені өлім аузынан алып қалды. Әрине, жүріп-тұруым, тыныс алуыс қиындап барады. Бірақ мен табиғатымнан оптимист адаммын. Ауруым жайлы көп ойламауға тырысамын.

Аты жаман ауруды түбімен құрта алмасақ та, зардабын жеңілдетіп, салдарымен күресуге мүмкіндік бар. Паллиативті көмектің басты мақсаты да -сол. Орталықтағы ақ халаттылар тығырыққа тірелген науқастардың ауруын басып, бақылауда ұстайды. Гигиеналық-санитарлық күтім жасап, науқастарға ғана емес, олардың туғандарына да психологиялық көмек көрсетеді. Алайда бұл салада шешілмей келе жатқан мәселе көп. Мемлекет белгілеген тарифтер орталық шығыны мен қажеттілікті өтемейді.

Аиса ОМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПАЛЛИАТИВТІ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тарифтың төмендігі - зарплата сотрудника, дәрі – дәрмегі бар, құрал жабдықтары бар. Тариф көтерілсе жақсы болар еді. Орталықта төсек тартып жатқан науқастарға біз оңалту ем-шараларын қолданамыз. ЛФК ем-шаралары, реабилитация 3-й этап алады бізден. Біз противоболевой терапия жасаймыз, коррекция болевой терапии қолданамыз.

Ассоциациясының басшысы Гүлнәр Кунированың пікірінше, жыл сайынғы өсімге байланысты тариф 20.000 теңге болуы керек. Елімізде паллиативті көмекке бағытталған 2000 - нан астам төсек - орын бар. Бірақ оның 6 проценті ғана арнайы мекемелерде орналасқан. Сондықтан инфраструктураны дамытып, білікті кадрларды жоғары оқу орындарының деңгейінде қолға алу керектігін айтады.

Гүлнәр КУНИРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ПАЛЛИАТИВТІ КӨМЕК БОЙЫНША ШТАТТАН ТЫС БАС МАМАНЫ:

Біз дәрігерлерге арналған курстар өткіземіз. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Мысалы, бұрын ауруды басатын опиоидты препараттарға келетін науқастар не кейін дәрі-дәрмектің бос ампулаларын қайтару керек болатын. Бұл дәрігерлердің кедергісіз қажетті дәрі-дәрмекті тағайындауына кедергі келтіретін. Дамыған елдерде мұндай ереже жоқ. 2015 жылдан бері елімізде де бұл ереже алынып тасталды. Дегенмен көбі мұны әлі біле бермейді.

Жақында мәжіліс депутаттары паллиативті көмек саласындағы мәселелерді көтеріп, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Көп ұзамай Үкімет басшысы паллиативтік көмек тарифтерін қайта қарау және әзірлеу 2024-2025 жылдарға жоспарланғанын жеткізді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ағымдағы жылы паллиативтік көмек көрсетудің 6 клиникалық хаттамасы қайта қаралды. «Паллиативтік көмек дәрігері» және «Паллиативтік көмек медбикесі» мамандықтарын медициналық және фармацевтикалық кәсіптер номенклатурасына енгізу мәселесі белгіленген тәртіппен қаралады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне оларды даярлаудың білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажеттілігін ескере отырып, осы мәселеге жан-жақты талдау жүргізу тапсырылды. Бұл жұмыс Үкіметтің бақылауында.

Елімізде 107 430 адам паллиативтік көмекке мұқтаж. Оларға медициналық көмек көрсететін 221 мобильді бригада бар.