Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Талдықорғанда ер адам 28 жастағы әйелді соққыға жығып, пышақтаған

03.11.2023ж. 20:00
817
Талдықорғанда ер адам 28 жастағы әйелді соққыға жығып, пышақтаған

Талдықорғанда ер адам 28 жастағы әйелді ауыр соққыға жығып,пышақтаған. Жәбірленушінің айтуынша, бұған -қызғаныш себеп. Мойнынан 17 сантиметр жарақат алған әйел бір өлімнен аман қалды. Қазір бұл іс облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында.

Екі баланың анасы Адина Хуанбекқызы бір апта бұрын болған сұмдық оқиғадан әлі есін жияр емес. Сөзінше, бұрынғы жігіті Ілияс бұған дейін де дөрекілік танытып, қол көтерген. Жігіттің ерсі қылықтарына тойған Адина қарым-қатынасты доғарып, полицияға бірнеше мәрте арызданыпты. Бірақ, жігіт мазасын алуды қоймапты. Соңғы рет жұмысына келіп аяусыз соққыға жыққан. Онымен қоймай, кеңсе пышағымен тамағын кескілеп тастаған. Арашаламақ болған әріптесі де таяқ жеген көрінеді.

Адина ХУАНБЕКҚЫЗЫ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Бетімнен бір ұрды, жерге мен құлағаннан кейін үстіме жатып, бір қолымен мойнымды басты. Екінші қолымен аузы-мұрнымды жауып, тұншықтыра бастады. Көршілерім естісін деп, жұмыстағы столды тепкілей бастадым. Канцелярский пышақпен именно мойныма дәлдеп, көп рет кесті.

Ең сорақысы, полиция қызметкерлері әуелі істі «Бұзақылық» бабымен қозғаған. «Күдіктіні екі күн қамауда ұстап, кейін бостандыққа жібере салған» деп күйінеді әйел.

Адина ХУАНБЕКҚЫЗЫ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

«Неге хулиганство бойынша ашып тұрсыздар» десем, «все это произошло в общественном месте, пострадавшая не только ты» деді. «Бір дворда тұрады ғой, қалай сондай адамды жібересіңдер» дегенде, «нет оснований для его задержания» деп айтты мамаға.

Ақыры жәбірленуші мәселесін әлеуметтік желіге жариялап, шырылдаған соң тәртіп сақшылары қылмыстық істі қайта қарауда. Бүгінде тергеуді облыстық полиция департаменті ерекше бақылауға алды.

Ельдар ӘБДІКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Күдікті Талдықорған полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасының ҚК-нің 24- бабының 3- бөлігі, 99 -бабының 2- бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша қайта дәрежеленді.

Зәбір көрген Адина Хуанбекқызы қазір ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлер науқасқа ота жасады. Жағдайын орташа деп бағалап отыр.

Анарбек МОҢҒОЛ, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жедел түрде хирург ультрадыбыстық зерттеу мамандары және қан-тамыр хирургтарымен, травматологтармен бірлесе отырып, мойнының алдыңғы бетінің тілінген жарасы, оң жақ мойнының күре тамырының ішкі тромбозы диагнозымен хирургия бөліміне жедел түрде жатқызылды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, емін алып жатыр. Өмірге қауіпті ағзалары зақымданбаған.

Болған жағдайдан есеңгіреп қалған әйел өзінің және жақындарының өміріне алаңдаулы. Ол күдікті заңды түрде әділ жазасын алса дейді.