Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 20-дан астам адам көміртегі тотығынан уланған.
ШҚО ТЖД құтқарушылары жылыту маусымы басталғалы бері көміртегі тотығымен улану қаупі туралы халыққа ескертіп жатыр. Жазатайым оқиғалар әдетте пешінде ақауы бар үйлерде болады.
«Осы жылдың басынан бері өңір бойынша көміртегі тотығынан төрт азамат қаза болып, 23 адам зардап шекті. Ал жылыту маусымы басталғалы жер үйлерде 42 өрт тіркеліп, екі адам көз жұмған. Биылғы күзден департамент мамандары 68 000-нан астам тұрғын үйді аралап, тұрғындарға пештің жағдайын уақтылы қадағалап отырудың маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндірді», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Осы ретте, халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына ерекше назар аударылған. Бұл отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатылуда. Олар жыл сайын жергілікті атқарушы органдар мен «Қазмырыш» ЖШС қаражаты есебінен сатып алынады.
Биыл барлығы 2400-ге жуық датчик орнатылған. Ал соңғы 5 жыл ішінде Шығыс Қазақстанда жер үйлерге 16 мыңға жуық датчик қойылды.