Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда жаңа туған нәрестелер саны былтырғымен салыстырғанда 4 мыңға артқан

AstanaTV
25.11.2016ж. 20:00
3165
Қазақстанда жаңа туған нәрестелер саны былтырғымен салыстырғанда 4 мыңға артқан

Тәуелсіздік тойына еліміздің аналары да лайықты тарту жасап отыр. Қазақстанда бала туу көрсеткіші айтарлықтай өскен. Соңғы 4 айда 131 мың сәби дүние есігін ашты. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4 мыңға көп. Мамандар мұны тарихи көрсеткіш деді. Дәуренбек Бақдәулет тарқатады.

Астанадағы 2-ші перинаталдық орталықта жылына 25-30 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады. Мұнда шақалаққа да, анасына да қажетті жағдай жасалған. Жас отбасылардың соңғы кездері көп балалы болуға бет бұрғаны байқалады. Солардың бірі Анар екінші ұлын дүниеге аман-есен әкелді, жас ананың қуанышы алабөтен.

Анар Багданова, жас ана:

Бүгін таңертеңгі сағат 10:20 да босандым. Барлығы жақсы өтті. Енді баланың есімін кім деп қоятынымызды ақылдасып жатырмыз. Мұндағы дәрігерлер мен медбикелер өз ісін шебер меңгерген жандар екен, алғысым шексіз.

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Елімізде бала туу жағынан, әдеттегідей, ОҚО көш бастап келеді. Онда өсім 17,7 мың адамды құраған. Екінші орында - Алматы облысы, ондағы өсім 8,9 мың адамды құрап отыр. Алғашқы үштікті қортындылайтын Астана қаласы, мұндағы өсім 5,8 мың адамды құрапты. Демографтар балалы үй базар екенін ескеріп, Қазақстанның болашағын құратын саналы ұрпақ тәрбиелеуде тартынып қалмауға кеңес береді. 

Халық санының артуы немесе кемуі әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты. Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда бала туу көрсеткіші 2013-15 жылдар аралығында бір қалыпты болған. Ал, осы жылы кішкентай қазақстандықтардың саны едәуір арта бастапты.

Данагүл Қарабаева, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі сарапшысы:

Статистика комитетінің дерегі бойынша, соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 23 пайызға көбейген. Бала туу көрсеткішінің артуы, біріншіден, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, екіншіден, медициналық технологиялардың жоғарлауына байланысты деп айтуға болады. 

Заманауи медициналық технологиялардың дамуы халық санына едәуір үлес қосқан. Бұрындары қызамық, эпидемиялық паратит және «Б» гепатиті сияқты аурулар салдарынан сәбилер көбіне шетінеп кетіп жататын. Тәуелсіздік алғалы бері бала өлімі 3 есеге қысқарған. Отандық медицина жұқпалы ауруларға қарсы егу жасап алдын алуға ден қойған. Тіпті, жұдырықтай ғана болып шала туған нәрестені де аман алып қалуға қауқарлы. Жаңа туған нәрестеге мемлекет тарапынан жасалатын азын аулақ тарту да жоқ емес. Ел ішінде «бесік ақша» аталған бір жолғы жәрдемақы 1-ші,2-ші және 3-ші балаға 66 мың теңге болса, 4-ші, 5-ші сәбиге 111 мың теңгені құрайды. Мұнан бөлек бала бір жасқа толғанша, ай сайын берілетін жәрдемақы да бар.

Жадыра Дәулетханова, Еңбек,әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы:

Республикалық бюджет тарапы есебінен АЕК мөлшеріне сай, 1 жасқа толғанша әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. Жәрдемақы көлемі 1-ші балаға 12215 тг болса, екінші балаға 14445 тг құрайды.

Дидар Арыстан, Қазақстандық жеке меншік әріптестік орталығының сарапшысы:

Көбірек бала туғанда, оларға бөлінетін ақшаның тиісті бөлігі азая түседі. Бала көбейген сайын, қаржы да азаяды. Сондықтан бірінші кезекте білім мен денсаулық сақтауды арттыру керек. Бұл адами капитал. Мысалы, қазір көшбасышы елдер қатарында сіз Үндістан немесе Қытайды көріп отырсыз ба? Жоқ. Көбіне осы кішігірім, 30 - 40 млн шақты халқы бар елдер болып табылады.

Сарапшылар тағы бір қызықты мәліметті алға тартады. Бала санының артуы ел экономикасының өсіміне де оң септігін тигізеді екен.  Яғни халық саны ұлғайған сайын ішкі нарықтың да дамуы байқалады. Әрбір тұрғын - ол тұтынушы, сондықтан тұтынушы қатары артқан сайын, кәсіпкерлік дамып, бәсекелестік те артады.