Шағын футболдан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медаль алды, деп хабарлайды Kazinform.
Әлем чемпионатына әуесқой спортшылар қатыса алады.
Қазақстандық құрама финалда Румыниямен шеберлік байқасты.
Ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталды.
Кездесу барысында қазақстандықтар басым тұрған еді. Ойын аяқталар тұста румыниялық футболшылар таразы басын теңестіріп кетті.
Пенальти тебуде ел құрамасы қарсыласына 11:12 есебімен есе жіберіп қойды.
Осылайша олар әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
Ел құрамасы А тобында сынға түсті.
Бұл кезеңде Гананы 7:0, Үндістанды 16:0, Біріккен Араб әмірлігін 2:1 есебімен жеңді.
Одан кейін жарыс сатысында Мексика (0:0, 2:1 - пенальтиден), Чехияны (3:3, 3:2 - пенальтиден), Әзербайжанды (3:2) қапы қалдырды.
Айта кетсек, бұған дейін ел құрамасы 2015, 2017 жылдарда 11-орын алған еді.