Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Адай жылқысына халықаралық ресми мәртебе беруі мүмкін

AstanaTV
06.11.2023ж. 11:40
465
Адай жылқысына халықаралық ресми мәртебе беруі мүмкін

Маңғыстау облысында Адай жылқы тұқымына асыл тұқымды жануар мәртебесін беру мақсатында ұйымдастырылған халықаралық ұзақ қашықтықтағы ат жарысы турнирі өтті. Ол үшін арнайы халықаралық Ат спорты федерациясының төрешілері шақырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шара халықаралық стандарттарды сақтай отырып, жоғары деңгейде өтті. Жылқылардың шабысын бағалауға БАӘ мен Алматыдан халықаралық Ат спорты федерациясының алты төрешісі қатысты. Ат бәйгесінде бірінші орынды 100 шақырым қашықтықты ең аз уақыт аралығында бағындырған және халықаралық стандарттарға сәйкес бақылауда жүрек соғысы минутына 64 соққыдан аспайтын әрі жарақат алмаған сәйгүлік иеленді.

Іс-шараға жергілікті қатысушылардан басқа, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Алматыдан, Семей қалаларынан шабандоздар қатысып, Адай жылқысының шабысын сынап көрді. Жарысқа қатысушылар салмақ пен жас талаптарына сай, дене салмағы 70 келіден кем болмауы тиіс. Сонымен қатар жасы 18- ден асқан болуы керек.

Жарыста осы межелердің барлығына сәйкес келген, әрі жпқсы нәтиеже көрсеткен Көк жебе есімді адай тұқымды тұлпар жеңіске жетті. Тұлпар 100 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 48 минут 36 секундта бағындырып, алтын медаль мен бірінші орынға ие болды. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонында 1 орын алған Көкмойнақ командасының құрамында капитан болған Көк жебенің иесі Ербол Ермағамбетов жылқыны жарысқа дайындау үшін бір айдан астам уақыт кеткенін айтты. Нәтижесінде «Көк жебе» қайсарлық мен төзімділік танытып, ат жарысында үздік өнер көрсетті және онысымен көпті сүйсіндірді. Екінші орынды 4 сағат 48 минут 54 секунд уақыт көрсетіп, «Ай күрең» жылқысы иеленді, ал үшінші орын 4 сағат 50 минут 11 секундта 100 шақырымдық қашықтықты еңсерген «Нұр қасқа» атты тұлпарға бұйырды. Жарысқа жалпы есепте Жетісу мен Ақтөбе облыстарын қосқанда барлығы 31 ат қатысты.

Айта кетейік, 2022 жылы Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы «Ұлы Дала жорығы» республикалық марафонында адай жылқысымен 1200 шақырым жүріп өтіп, бірінші орынды иеленген болатын. Биылғы жылы да осы марафонда маңғыстаулық Адай атын тізгіндеген шабандоз Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды небәрі 98 сағат 44 минут 47 секундта бір атпен жүріп өтіп, рекорд орнатты.