Павлодарда жергілікті билік өзен жағасына мектеп салмақ. Ол үшін ғасырдан астам тарихы бар кеме жөндеу зауытын құрдымға жібермекші. Жерін тартып алып, зауытты жауып тастамақ ойлары бар. Бірақ, бұған кәсіпорын басшылығы қарсы. Айтуларынша, елімізде ірі жүк кемелеріне жөндеу жасайтын зауыт жоқ. Ол жабылса, су қатынасы мүлдем тоқтап қалмақ. Тараптардың тартысын әріптесім Өзгеріс Қуанар тыңдады.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Павлодардағы кеме жөндеу зауытының тарихы 1911 жылдан басталады. Сол кезден бұл кәсіпорын кемелерге жөндеу жүргізіп келеді. Көрші Абай облысы мен Ресейдің де жүк тасымалдаушы су көліктері осы айлаққа келіп тұрақтайтын болған.
Мына ірі жүк тасымалдаушы баржаның салмағы 240 тонна. Егерде зауыт жабылар болса, алып тіркемеге елімізде жөндеу жүргізетін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Тек Ресейдің Омбы қаласына апаруға болады. Бірақ, кейінгі кезде Ертістің таяздап кетуі бұлардың да жүрісіне кедергі болып тұр.
Николай ЦЕПЕЛЕВ, КЕМЕ ЖӨНДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл мемлекет үшін өте тиімсіз шешім. Біздің жерімізді мемлекет қажеттілігі үшін аламыз деп отыр. Онда кәсіпорынды көшіру үшін балама жер берулері керек. Ол құжатта көрсетілмеген. Және ондай жер Ертіс жағасында жоқ та. Оның үстіне бұл су қорғау аумағына кіріп тұр. Бұл жерде мектеп салу мүмкін емес, оқушыларға қауіпті.
Әкімдік зауыт орналасқан жерді 3 айдың ішінде босатуын талап еткен. Айтуларынша, орнына мектеп салмақ. Бірақ, қалалық білім беру басқармасы бұдан хабарсыз болып шықты.
Қуаныш ҚЫДЫРАЛИН, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі уақытта нақты мектептің қай жерде салынуы туралы ақпарат жоқ. Яғни, жобасы да жоқ. Әзірге құрастырылмаған. Бірақ мектеп тапшылығы бар. Нақты, тоқ етері осы жерде салынады деген әңгіме жоқ әлі.
Ал мамандар бұл жерге мектеп салуға болмайтынын айтады. Себебі, аумақ су қорғау аймағына кіреді.
Людмила КУЗНЕЦОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫН ДАЙЫНДАУШЫ КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:
Ол жер бұрынан аса қорғауды қажет ететін аумаққа жатады. Заңнамада ол жерге күрделі құрылыс жүргізуге болмайды. Саябақ секілді нысандар ғана салуға рұқсат етілген.
Әкімдік кеме зауытының жерін әзірге нұсқа ретінде қарап жатқанын айтады. Нақты шешім шығармадық – деп отыр.
Светлана ГЛАДЫШЕВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мектеп салуға жер іздеп жатырмыз. Аумағы 2 гектарлық үш учаскені белгіледік. Соның бірі кеме жөндеу зауытының жері. Қазір құрылыс жүргізуге жарамдылығы тексеріліп жатыр. Нақты аламыз деген шешім жоқ. Аумақты босату жөніндегі ескертпені ертерек беріп жіберіппіз. Оны мойындаймыз.
Қала әкімдігі мектепке салуға 3 бірдей нұсқа қарастырған. Бірақ, қайсысын таңдарын өздері білмей отыр.