Сейсенбі күні Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы мұнай бұрғылау компаниясының зауытына жасалған шабуыл салдарынан полицияның екі қызметкері мерт болып, тағы үшеуі жарақат алды.
Каzinform агенттігі бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Дера-Исмаил-Хан ауданында болған. Таңертең қолдарына қару ұстаған кем дегенде 20 содыр зауытқа кірмек болған, деп хабарлады аймақ полициясы суперинтендантының орынбасары Шер Улла.
Зауыттың негізгі қақпасында тұрған полицейлер тез арада әрекет етіп, шабуылға тойтарыс берді, қаскүнемдер қашуға мәжбүр болды, деп қосып өтті офицер.
Оның айтуынша, шабуыл жасалған жерде мұнай ұңғымасы мен қызметкерлердің үйлері бар - шабуылдаушылар аймаққа кіре алған жағдайда соңы одан да қайғылы болуы әбден мүмкін еді.
Офицердің айтуынша, зауытта полиция мен әскерилендірілген күштердің көп деңгейлі қауіпсіздігі бар. Олар елдегі лаңкестік әрекеттер санының артуына байланысты жоғары дайындықта болды.
Жарақат алған полицейлер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Содырлар тауға қарай қашып кеткен, полиция олардың кімдер екенін өздері қалдырған айғақ дәлелдердің көмегімен анықтап жатыр, деп қосты офицер.
Шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ.