Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Батыс Қазақстан облысында мал қырылып жатыр

07.11.2023ж. 20:00
796
Батыс Қазақстан облысында мал қырылып жатыр

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында мал қырылып жатыр. Ірі қараны баудай түсірген кеселдің неден шыққаны әзірге белгісіз. Шаруалардың айтуынша, бүгінде 100-ге жуық сиыр өлген. Ауру мал әуелі ақсап, денесі ісіп кетеді. Кейін әлсіреп құлайтын көрінеді. Сиырдың бұған дейін қарасанға қарсы егілгенін айтқан мал иелері кесірлі кесел сол вакцинадан болды деген күдігін жасырмайды.

Бақыт ДАЛАБАЕВ, БӨРЛІ АУДАНДЫҚ ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бөрлі ауданы бойынша қазір қарасанға ұқсас симпттомдармен ірі қара малы өліп жатыр. Олардың бірден-бір белгілері аяғында, төсінде, мойнында ісіктер пайда болады. Губка секілді болып су жиналады. Соның салдарынан шаруа қожалықтарында ірі қара мал құлап өліп жатыр. Себебі неден екенін білмей отырмыз. Барлығына қарасанға қарсы вакцинация жасалған.

Ал ветеринарлардың айтуынша, өлген малдың үшеуінен сынама алынған. Бірақ қарасан әлде сібір жарасын жұқтырғаны дәлелденбепті. Тіпті ауырған малдың бірі жазылған. Дегенмен мамандар төрт түлік ауырса, әлде өлсе дереу ветеринарлық қызметке хабарлауды ескертеді.

Балдай САПАРҒАЛИ, БҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Тұрғындардан және шаруа қожалықтарының тарапынан осы вакцинаның тиімділігіне күмән келтірілуде. Сол себепті облыстық ветеринарлық инспекция мамандарымен вакцинаның тиімділігін тексеру мақсатында қолданылып жатқан вакцинаның құтысы алынып, ветеринариялық ұлттық референттік орталыққа жолдануда. Жалпы эпизоотиялық ахуал қазіргі таңда ветеринар мамандардың жіті бақылауында.