Экспорттық-кредиттік агенттігін құру және шикізат емес тауарлардың экспортын ілгерілету мәселелері жөніндегі заң жобасын мәжіліс екінші оқылымда мақұлдады. Депутат Руслан Қожабаев оның Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін және шикізаттық өнім өндірушілердің бірыңғай операторын құруға бағытталғанын атап өтті. Отандық экспорттаушылар үшін бұл заң нормасы қосымша қолдау болмақ. Мәселен, Нұрсұлтан Жұмабектің кәсіпорны Балтық жағалауы елдері мен Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украинаға алюминий профилін экспорттайды. Кәсіпкер тауарға төлем жасау кезінде тәуекелге жиі барады. Сондықтан ол сақтандыру арқылы қауіпті процестерді еңсеруге болады деген пікірде.
Нұрсұлтан ЖҰМАБЕК, «ALUMINIUM OF KAZAKHSTAN» ЖШС БАСШЫСЫ:
Өзіміздің тұтынушыларымызға берген продкуциямызды ақшасы 60 немесе 30 күннен кейін төлеуге рұқсат беріп жатырмыз. Бүгінгі кезде солардың төлемеу рискін сақтандырып жатырмыз. Егер де бұл мекеме агенттік ретінде құрылса, халықаралық тәжірибеге сай олардың экспортты дамытуға мүмкіншіліктері көбейеді деп ойлаймын.