$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елімізде бизнеске жүктемені азайтудың жаңа тетіктері іске асырылады

08.11.2023ж. 20:00
780
Елімізде бизнеске жүктемені азайтудың жаңа тетіктері іске асырылады

Енді кәсіпкерлікпен айналысу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болмақ. Мемлекеттік бақылау жүйесі ретке келтіріліп, тексеру ашық түрде жүргізіледі. Сондай-ақ бизнеске жүктеме азайып, жемқорлыққа жол берілмейді. Мәжіліс кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын заң жобасын мақұлдады. Тақырыпты толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

Мемлекет тарапынан бизнес үшін маңызды емес талаптар қысқарып, әкімшілік жүктеме азаяды. Заңды іске асыру мақсатында 326 түзетуді қамтитын заң жобасы әзірленді. Мәжіліс мақұлдады. Жауапты ведомствоның ақпаратынша, түзетулер бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге, қадағалау салаларындағы жедел ден қою шараларын тек заңнамалық деңгейде регламенттеуге бағытталған.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Жедел ден қою шараларын қабылдау мемлекеттік органдарға құқық бұзу деректеріне заң жүзінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бизнес субъектісінің кінәсінен халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қоғамдық қауіпті қолайсыз жағдайларды болдырмауға ықпал етеді.

Иә, жауапкершілік тек кәсіпкерге ғана емес, келісімшартқа отырған басқа да бизнес субъектілеріне ортақ болады. Бұл тұрғыда жүргізілетін тексерулер тек кәсіпкерлікке деген жүктемені азайтып қоймай, жалпы халықты қауіп-қатерден сақтайды дейді депутат.

Болатбек НӘЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АМАNАТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз осы өнімдердің жеткізушісін табу керекпіз. Кім әкелді, өнімді қандай жағдайда сақтады, тұтынушыға қалай жеткізілді. Осы тексерістерге заң жобасы өкілеттік береді.

Бұл өзгерістерді кәсіпкерлер де қолдап отыр. Адал жұмыс істеген бизнес иелері нарықта бәсекеге қабілетті бола алады дейді.

Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бизнес үшін бұл әлдеқайда қолайлы схема, өйткені ол бақылау тұрғысынан ашық әрі тиімдірек болады. Мемлекет бүгінде бизнеске өз қателіктерін түзетуге мүмкіндік беріп отыр. Біз белсенділікті тексеруден профилактикалық бақылауға көшеміз.

Депутаттар заң жобасы арқылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік береді. Сондай-ақ бизнеске жүктеменіғ сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады дейді. Түзетулер арнайы жұмыс тобының жиырма екі отырысында, онан кейін Комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланған.