Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

«Елімізде 115 сүт фермасы, 15 ірі құс фабрикасы ашылады», - Президент

09.11.2023ж. 20:00
613
«Елімізде 115 сүт фермасы, 15 ірі құс фабрикасы ашылады», - Президент

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асқан. Осыдан-ақ екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынасты байқауға болады. Ынтымақтастығымыз жоғары мемлкеттің басшысы бүгін Астанаға ресми сапармен келді. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің 19-Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысты. Онда қандай мәселелер талқыланғанын Аружан Задабек айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентін елорда әуежайынан күтіп алды. Одан кейін «Ақорда» резиденциясында Владимир Путинді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Қос Президент бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұраны шырқалды.

Қазақстан мен Ресейдің энергетика бағытындағы ынтымақтастығы артып келеді. Жақында көрші ел газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасы іске қосылды. Бұл Орталық Азияда энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуда шешуші рөл атқарады. Бұдан бөлек, «Татнефть» компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін зауыт құрылысы басталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр.

Ауылшаруашылығы тақырыбына арналған Форум Қостанайда өтті. Мұның да өз мәні бар. Бұл өңір – нағыз астықты өлке. Жалпы, екі ел де астық экспорты бойынша жаһандық көшбасшылардың ондығына кіреді. Әлемдегі егіс алқаптарының 10 проценті, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы қос мемлекетке тиесілі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-ші орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз.

Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 процентке арттыру керек. Бұл – Президент тапсырмасы. Осы арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге болады. 115 сүт фермасын салу жоспарда бар. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасы пайданалуға беріледі. Осылайша, алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты Каспий теңізіндегі Құрық және Ақтау порттарына ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қытай бағытында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Жалпы, Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады.

Су тапшылығы – өзекті мәселе. Қазір 20 су қоймасын салу көзделіп отыр. Оның 15-і реконструкцияланады. 3500 шақырымнан астам каналды цифрландыру да жоспарда бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2027 жылға қарай қосымша 2 текше километрге жуық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда жаңа Су кодексі әзірленуде. Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет.

Форумнан кейін қос президент шағын құрамда келіссөз жүргізді. Соңғы 3 жылда тауар айналымы 30 процент өскен. 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 17 миллиард долларға жетті. Өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамуда. Қазір жалпы сомасы 33 миллиард доллардан асатын 143 жоба жүзеге асырылған. Оның 140-ы Қазақстан аумағында орналасқан.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде 20 мыңнан астам ресейлік компания тіркелген. Ресей Федерациясынан тартылған тікелей инвестиция, біздің бағалауымыз бойынша, 20 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылда шамамен 3,5 миллиард доллар инвестиция салынды. Өз кезегінде Қазақстанның Ресейге құйған инвестиция көлемі 6 миллиард долларға жетті. Мұның екіжақты процесс екені қуантады.

Ресей Президенті елімізге ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында келді. Бұл – екі ел байланысын нығайтуға жол ашатын құжат. Оған 2013 жылы 11 қарашада Екатеринбургте қол қойылған.

Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар сенімді түрде әрі табысты дамып келеді. Оны, әлбетте, цифрлар әйгілеп тұр. Біз жаңа ғана XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатыстық. Бұл – өте жақсы формат. Адамдар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасап, жұмыс істейді, араласады әрі бұл әрдайым елеулі нәтиже береді. Осы жолы да солай боларына сенімдімін. Бұған қоса өте маңызды тақырып таңдалып отыр.

Тараптар мұнай-газ, машина жасау, энергетика мен көлік-логистика, денсаулық сақтау және мәдени-гуманитарлық байланыс салаларындағы негізгі мәселелерді талқылады. Мемлекет басшылары халықаралық ахуалдың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.