Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ақтауда ауыз су жоқ: Көпқабатты тұрғын үйлердегі су сорғысы әкімдіктің нұсқауымен өшірілгені рас па?

AstanaTV
09.11.2023ж. 21:51
1391
Ақтауда ауыз су жоқ: Көпқабатты тұрғын үйлердегі су сорғысы әкімдіктің нұсқауымен өшірілгені рас па?

Қаладағы көппәтерлі үй тұрғындары ауыз су қысымының төмендеп кеткенін және кешкі уақытта су тіпті ақпайтынын айтады. Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйлерге қойылған су сорғылары әкімдіктің нұсқауымен өшірілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Облыс әкімдігінің телеграм арнасында қала тұрғындары ауыз су мәселесін жиі көтереді.

Соңғы 1 апта көлемінде су қысымы азайғанын байқаған тұрғындар қазіргі таңда сусыз отырғанындарын айтады.

- 27ш/а 42 үй тұрғынымын, пәтерім 9-қабатта. Су төртінші қабаттан жоғары көтерілмейді. Әкімдіктің нұсқауымен су сорғысын алып тастады деп жатыр. Не үшін? Үйде онсыз да жылу жоқ. Енді су да ақпайды. Бірақ ай сайынғы төлемді төлеуге міндеттейсіздер. Су қашан келеді?- деп жазды тұрғын.

Ал 5ш/а 1 үй тұрғынының айтуынша, аталған үйдегі су сорғысын жөндеуден өткізу үшін өшірген.

Жауаптылар сорғы қалыпқа келтірілгеннен кейін, оны қосудың еш қажеттілігі жоғын айтқан. Енді бұл үй де ауыз сусыз қалып отыр.

Аталған мәселелер қаланың өзге шағын аудандарында да кездеседі. Мәселен 11ш/а мен 27ш/а тұрғындары ауыз су туралы жиі шағымданады. Дегенмен қалалық тұрғын үй инспекциясы өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл тұрғын үйлерде ауыз суға қатысты ешқандай шектеу жоқ.

- Аталған тұрғын үйлер бойынша ауыз су сорғысында шектеу жоқ. Ал 27ш/а 42 үйдің жылу жүйесіндегі сорғы сөндірілді. Себебі жылудың берілу қысымынан кері шығу қысымы жоғары. Сондықтан уақытша сөндірілді. Қазір реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр,- деді "Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы" ММ өкілдері.

"КЖСА" МКК мамандарының айтуынша, су сорғыларын өшіруге әкімдік ешқандай нұсқау бермеген, бұл ақпарат – жалған.

- Комиссия тексерісіне сәйкес, қызмет көрсетуші ұйым жылумен қамтамасыз ету үшін айналым сорғыларын уақытша өшіреді. Бұл сорғылар бір-біріне қысым жасайтындықтан жылыту қондырғыларын реттегеннен кейін сорғы қайта іске қосылады,- делінген "КЖСА" МКК хабарламасында.