Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим орнады

10.11.2023ж. 20:00
647
Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим орнады

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим орнады. Енді екі ел азаматтары 30 күн көршінің үйінде емін-еркін жүре алады. Шыны керек, мұны естіген халық «қара қытай қаптамай ма?» деп алаңдап қалды. Бірақ сарапшылар бұдан қорқудың қажеті жоқ, - дейді. Керісінше экономика жанданып, туристік сала ілгерілейтінін айтады. Мәселен, былтыр бізге Қытайдан 15 мыңға жуық адам келген. Олардан түскен пайда 16 млн долларға жуықтайды. Толығырақ Аружан Задабек айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазақстан мен Қытай үшін маңызды бастама сәуір айының ортасында қолға алынды. Содан бері қоғамда қызу талқыланған тақырыптың бірі осы болды. Көп ұзамай қос тарап құжатты ратификациялады. Негізі бұған дейін де Қытай азаматтары Қазақстанға, ал біздікілер аспан асты еліне 14 күнге визасыз келіп-кетіп жүрді.

Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Соңғы 18 жылда аспан асты елінен тартылған инвестиция көлемі 24 млрд долларға жеткен. Өткен жылы екі ел арасында тауар айналымы 35 процентке артты. Сарапшылар визасыз режим арқылы бұл көрсеткіш әлі екі есе артады, - дейді.

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ, «ҚЫТАЙ ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ҚҚ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Бұл екі ел арасындағы достықтың жаңа деңгейі. Өйткені ҚХР кез-келген елмен визасыз режим аша бермейді. Орталық Азия мемлекеттері ішінде Қазақстан үшін басымдық беріліп отыр. Бұл жерде, әрине, Қытай басшылығы біздің Президенттің биылғы , 2 рет кездесті, сауда-экономикалық шешімдер қабылданды. Нәтижесінде жаңа деңгейге өткізу шешімі қабылданып отыр.

Қытай - қазақстандық өнімдердің тұрақты тұтынушысы. Қазір еліміз өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағытында қосымша 135 тауар түрін ұсынуға дайын. Осыдан-ақ, визасыз режим экономикалық байланысты нығайтуға сөзсіз ықпал ететінін байқауға болады. Бұл отандық шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, трансшекаралық сауданы жаңа қарқынмен дамытады. Өткізу бекеттеріндегі жағдайды да жақсартады, - дейді Сенат төрағасы.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл келісім, ең алдымен, Қытайға кедергісіз мүмкіндік береді.Әсіресе, кәсіпкерлерге пайда көп. Бізде аспан асты елінен тауар әкелетін азамат жетерлік. Құжат екі елдің тұрғындарына жағдай жасап отыр. Туризм дамиды, білімге жол ашылады.

Бәрін айт та, бірін айт, екі ел арасындағы келісімнің қызығын ең әуелі өзіміздің кәсіпкерлер көреді. Еш кедергісіз барып-келіп сауданы қыздырады. Енді Қытайға виза аштыру үшін құжат жинап, кезек күтіп, қыруар қаражат жұмсайтын дәурен өтті.

Қайрат ОМАРОВ, КӘСІПКЕР:

Автобөлшектер саласында 2009 жылдан бері жұмыс жасаймын. Біз Қытайға 3 айда бір рет барып тұрамыз. Виза мәселесі бізге әрдайым қиындық тудыруда. Сондықтан 1 ай ішінде Қытайда жүруге болатын болса, ол бізге және де Қазақстанның бизнес салсына көптеген жеңілдіктер тудыратын еді.

Визасыз режим арқылы жүк көліктері делдалдардың көмегінсіз, сапалы әрі арзан бағада тауар таси алады. Елімізге қажетті өнімдердің басым көпшілігі Қытайдан келетінін ескерсек, бұл қымбатшылық қамытын шешуі мүмкін. Ал туристік компания өкілдері бұл бастама елімізге туристер мен инвесторларды тартуға зор мүмкіндік, - дейді. Былтыр Қазақстанға аспан асты елінен 15 мыңға жуық адам келді. Қытайлық бір турист саяхат кезінде орта есеппен 1000 доллар ақша жұмсайды.

Даниэль СЕРЖАНҰЛЫ, «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

2019 жылы Қытайдан біздің елге 80.000- нан астам туристер келген. Ол қонақүй, басқа да туристік қызметті қоданған адамдар. Және олар біздің елімізге 50.000 млн доллардан астам пайда әкелген. Осы визасыз режимді қолдана отырып, Қытай нарығына көбірек жарнама беріп, ол жақтың туристерін тартуға тырысатын боламыз. Турист біздің елде қаншалықты көп қалады, соншалықты көп ақша тастайды.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі жағынан Нидерланд, АҚШ, Швейцариядан кейін 4-орында тұр. Визасыз режимнен кейін ғылым мен білім саласындағы байланыс та артады. Қазір 3 жарым мыңға жуық қазақ студенті аспан асты елінің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Болашақта олардан бізге, бізден оларға білім қуып баратын жастар саны артуы мүмкін. Айта кетейік. биыл Қытаймен визасыз тәртіп Сауд Арабиясы, Қатар, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері және Сербияда қолданысқа енген.