Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шығыс Қазақстан облысында қар көшкінін алдын ала құлату нәтижесінде 4 мың куб метрден астам қар кесегі түсті

AstanaTV
29.11.2016ж. 20:00
3191
Шығыс Қазақстан облысында қар көшкінін алдын ала құлату нәтижесінде 4 мың куб метрден астам қар кесегі түсті

Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупі туды. 446 аумақ анықталса, оның 340-ы адамдар мен нысандарға қауіп төндіріп тұр. Қар көшкінінің алдын алу үшін 4 мың текше метрден астам қар құлатылған. Бірақ күннің жылынуынан қорыққан мамандар ол жерлерді ерекше бақылауға алған.

Бүгінде облыста құтқарушылар, коммуналдық қызметкерлер мен стратегиялық нысан өкілдерінен біріккен арнайы штаб құрылған. Қардың көп жаууына байланысты төтенше жағдай жарияланған Абай ауданына 1,5 мың тонна жем-шөп жеткізілді. Қыстақтарға апаратын жолдарды ауыр техникамен аршып жатыр. Өңірге қараша айында 90 сантиметр қар түскен. Бұл айлық мөлшерден екі есе көп. Қыс басталмай жатып, республикалық және облыстық жолдар 18 рет жабылған. Бүгінде 16 жылыту бекеті дәрі-дәрмек, азық-түліктермен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, 4 медициналық құтқару пункттері жолдарда төтенше жағдайға тап болған адамдарды қабылдауға дайын отыр.

Азамат Қапышев, ШҚО ТЖД ТЖ ауыздықтау бөлімінің бастығы:

ТЖ бөлімшелерінің құтқарушылары облыстың қар алуы мүмкін аумақтарына бара алатын 160 техникамен жабдықталған. Бұл Көкпекті, Күршім, Зырян, Семей, Жарма аудандары.

Өңірдегі қала көшелеріндегі қар тәулік бойы аршылуда. Қар тазалауға кәсіпорындардың жұмысшылары мен студенттер, әскерилер жұмылдырылды. Ал мамандар Семейдегі Ертіс өзенінің мұзын жару туралы ақпаратты жоққа шығарды. Құтқарушылар елді мекен маңында ондай шара өткізуге болмайды деп отыр. Қазір судың деңгейі қауіпті көрсеткішке жете қоймаған.

Алексей Штыкель, ШҚО ТЖ ескерту бөлімінің бастығы:

Бос қабыршық мұздар бір-бірімен сығылысып, тесіктер өздігінен бітеліп жатыр. Шығыстың барлық өзендеріндегі су деңгейін гидробекеттер бақылап отыр. Ондай 40 бекет ұйымдастырылды.

Айжан ҚУАШ