Оралда бетіне ине салдырған әйелдің демде ажал құшқаны еліміздегі сұлулық салондары бетімен жұмыс істейді. Оларды ешкім бақыламайтыны өз алдына, «қуыршақ бетке» құштарлық та артып барады. Сатып алушы геометриялық прогрессиямен артқанда «кір» тасы да, «тауар» да үстемелене береді. Әрине, эстетикалық медицинаның дами беретіні, косметологиялық процедураларды ешкім тоқтата алмайтыны рас. Адамдардың әдемілік туралы ұғымы да, әдемілікті сақтау әдістері де әр түрлі.
Үш бала анасынан айырылып қалды, қырыққа толмаған әйел өліп кетті - денсаулық сақтау жүйесі, сэс «бұл біздің құзырымыздағы шаруа емес» дегенге келтіріп отыр, яғни әйелдердің өздері ойлануы керек. Мәселенің кейбір қырларын Құралай Пионер тарқатады.
Әдемі әрі жас қалпында қалуды, әcте кім қаламас?! «Жоқ» деп бас ұрғанымен, оны іштей әрбір дерлік әйел заты, тіпті кейде еркек кіндіктінің өзі де құп көрері хақ. Бірақ кейде сол сұлулық жолында қыруар ақшаны айтпағанда, өмірдің де қиылып кетері бек мүмкін...
«Звезда востока» - бұл Орал шаһарының орталығындағы сән салоны. Ашылғанына 10 жыл болған. Бірақ дәл осы аптадағыдай оның жарнамасы жер жармаған шығар. Әрі теріс қырынан. Өйткені дүйсенбіде қымбат салонға бетін әрлетуге келген келіншектің бірі ажал құшты.
Флюра Саматова, БҚО
денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
Жедел-жәрдем қызметі оқиға
орнына 5 минутта жетті. Дегенмен азаматша дәрігерлер келгенше қайтыс болып
кетті. Жасалған реанимациялық шаралар да нәтижесін берген жоқ.
Сұлулықтың құрбаны болған 39 жастағы Айжан Жақанова есімді келіншек екен. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының әйелі, 3 баланың анасы. Айжан сол күні екі ұртына әжімді жазатын жіпсалдыруды қалапты. Ал оған қауіпті инені косметолог Эльвира Юсупова салған. Мәскеуден арнайы шақыртылған деседі. Сұлулық салоны да марқұм үшін бөтен емес. Жолдасының орынбасарының әйелінің салоны көрінеді. Қазір, әрине «Звезда востока»-ның есігі тарыс жабық.
Болжамға қарағанда, марқұм анафилактикалық шоктан көз жұмған. Косметолог та бірден қамалған. Қазір оның клиентіне нақты қандай ине салғаны анықталуда. Жақындары бірден 1 млн. теңге кепілдік төлеп, Эльвира Юсупованы уақытша бостандыққа шығарып алмаққа талпынған еді.
Николай, Эльвира Юсупованың күйеуі:
Мен оған қатты алаңдаймын. Өткендегі кездескеннен жағдайы қазір нашарлап кетіпті. Кепілдік төледік, сондықтан уақытша бостандыққа шығаруыңызды сұраймын!
Бірақ өтініш қанағаттандырылмады. Судья Юсупованы Ресейге қашып кетуі мүмкін деп күдіктенген. Ал ол жақта қазір танымал косметологтің құрбылары бірігіп, федералдық каналға шығып, "шу көтереміз" деп отыр.
Кажетта, Эльвира Юсупованың құрбысы /телефон арқылы:
Мәскеулік адвокатты жалдадық. Эльвира Оралға осыған дейін де бес рет барған. Қызметі үшін 1000 доллар алса, оның 500 долларын салон иесіне беріп отырды. Бұл жерде салон қожайынының да кінәсі бар. Ол неге шокқа қарсы заттарды ұсынбады?
Эльвира Юсупова, күдікті:
Я выполнила по стандарту всю процедуру. Осмотрела её на аллергию, возможно, она что-то скрыла. Сделали сначала одну сторону. Она улыбалась. Потом вторую стали делать.
Жалпы ботокс – сұлулық индустриясындағы сұранысы жоғары процедуралардың бірі. Беттегі ұсақ әжімді жойып, қыртысты қатпарларды сейілтуде күші бір шама сеп. Оның – диспорт, ксеомин және лантокс сынды қосымша түрлері де бар. Әжімсіз бет жасауда таптырмайтын әдіс деседі оларды. Инъекциялық екпе болғанымен, фармацевтикалық дәрі дәрежесі жоқ. Бейресми есепке жүгінсек, бүгінде Қазақстанда әрбір 10-шы әйел осы инеге әуес көрінеді.
Бейнеқыстырма: - Қазір менің бетіме күтім жасап жатыр.
Алматылық Зулфия Омарова бетіне барынша күтім жасайтындардың қатарынан. Ботулотоксинді әзірге қабылдай қойған жоқ. Десе де, құрамында био қоспасы бар маскаларды жағады. Бүгін де сондай процедураны жасатуда.
Зарина Омарова:
Сапасы жақсы нәрсенің бағасы да қымбат болады. Ең бірінші соған назар аударуға кеңес беремін біздің қыздарға. Егер сенімді дәрігер, мамандығы бар болса, мен өзімді оған қорықпай, сеніп тапсыра аламын.
Бірақ сол сенімнен кейде шикіліктің шығатыны бар. Әсіресе, бүгінгідей сұлулық салондары мен «косметолог» деген мамансымақтардың қаптағаны шын. Барлауға қарағанда, солардың дені әуесқойлар, өз бетімен инъекция жасауды үйренгендер көрінеді. Тіпті қолдарында дерматокосметолог екенін айғақтайтын лицензиясы да, дипломы да жоқ. Мұндай пікірді Алматыдағы Эстетикалық медицина және пластикалық хирургия қауымдастығы да білдірді.
Құралай Әлібаева, Эстетикалық медицина және пластикалық хирургия қауымдастығының жауапты хатшысы, дерматокосметолог:
Мен өз бетімен үйренген косметолгтар үшін қорқамын. Себебі арнайы медициналық білімсіз бұл салаға келсе, онда адам өміріне қауіп төндіреді. Ал бұл аса сақтықты қажет ететін іс. Клиент өз кезегінде маманның құжаты бар-жоғына көз жеткізіп алуы қажет. Бір өкініштісі, бізде адамдардың өздері арзан, әрі тез жасалатын процедураны алуға құмар. Міне, қиындық содан туындайды.
Қызметкері камера алдыңда осылай деп жұмсақ айтқанымен, қауымдастықтың президенті Гүлнар Жұматова интернет-сайттың біріне бұл саланың шынында да жүгенсіз кеткенін жіпке тізгендей жеткізіп беріпті.
Цитата: Гүлнар Жұматова, Эстетикалық медицина және пластикалық хирургия қауымдастығының президенті
Өкінішке қарай, күрделі дайындықты қажет ететін инъекциялық процедураларды
лицензиясы, медициналық білімі жоқ дәрігерлердің жасауы белең алған. Оның үстіне, әлгі «мамандар» контрафактілік препараттарды пайдаланады. Тіпті үй, пәтер жалдап та екпе жасайтындардың саны шарықтаған. Әрі оларды тексеріп жатқан да ешкім жоқ.
Бейнеқыстырма: Просил, клиент платят, мы делаем! За ваши деньги и все ваши желание!
Иә, бұл салада ең бастысы – ақша. Интернетте жарнамасы жер жарған орталықтың біріне біз де хабарласып, бағасын сұрап көрдік.
Ирина, клиника қызметкері /телефон арқылы/:
Процедура мезотерапия одной зоны стоит – 17 тыс. Одна зона – это либо лицо, либо шея, или декольте. Инъекция диспорта стоит – 30-36. Нить это уже операция. – А они сколько стоят? – Там 230 тыс. от зависимости фитомина.
Бет әрлеудің мұндай түрін бағасына қарамастан, әсіресе шоу бизнестегі сылқымдар көп пайдаланып жатады. Мәселен, әнші Меруерт Түсіпбаева ботокстің не екенін өте жақсы біледі. Тек одан қатты қорқып қалған.
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
Ботоксті өмірімде бір-ақ рет жасаттым. Мәз боп үйге келсем, мына жерлеріме, ой құдай сақтасын, үйге келсем, дос қызыммен мәз болып сөйлесіп отырсам, көзім күледі, бірақ мына жерлерім тас, цемент болып қатып қалған ғой.
Әрине, мұндай құрбандыққа әйелдер көп ретте ерлер үшін барады емес пе? Тек бөріктілердің пікірі көріктілердің күткеніндей емес болып шықты. Серілердің қалауы - табиғи сұлылық. Солай деп біз сөзге тартқан жігіттер айтып отыр.
Блиц: «Меломен» тобы:
Химикаттың аты химикат. Уколдың аты укол болғаннан кейін, біз жалпы былайша табиғи нәрсені жақсы көреміз.
Елдос Сапарғали, журналист:
Жасанды сұлулық дейміз ғой, ондай бірден көзге ұрып тұрады. Қыз баланың ерні, беті болсын. Ол әрине қызға әсемдік емес, еркектер ондай аурулардан аулақ жүреді деп ойлаймын.
Еркінжан Керімжан, заңгер:
Ерніне ботокс салады, хирургтерге барып беттерін өзгертіп, менің ойымша, ол – жаман.
Оралдағы оқиғадан кейін қазір елдегі барлық косметологтардың қызметі май шаммен қаралуы мүмкін. Себебі «Звезда востока» сән салонының Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің растауынша, лицензиясы болған. Бірақ санитарлық талап шеңберінде ғана берілген рұқсат. Ал ине салуға рұқсат берілмеген.
Сонымен бірге -шағын бизнес нысандарын тексеруге осы кезге дейінгі мораторий тұсау болып келген,- деп ақталады.
Қапиет Ғинаятұлы, Орал қалалық Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
Сұлулық салондарында өздерінің құзірет шегінде өздерінің тиісті жұмыстарын атқаруы керек. Шаш қиғызу, маникюр, педикюр, ал басқа іспен айналысу ол заңбұзушылық болып табылады.
Бұл оқиғадан, әрине, қыз-келіншектер сабақ алғаны жөн-ақ. Әсіресе, беттерін әрлетуді қалап жүргендер. Себебі жасарудың құны тым қымбатқа шығуы мүмкін. Әңгіме ақша жайында ғана емес. Ал Эльвира Юсупова ісі қазір тергеушілер қолында. Косметологқа «кәсіби міндетін талапқа сай орындамады» деген айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін деседі. Ал бұл оқиғадан "ине салғыштар" сабақ алуы керек...
Құралай Пионер,