Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

2017 жылдан бастап Астана мен Алматыдағы нашақорлар метадон бағдарламасымен емделмек

AstanaTV
29.11.2016ж. 20:00
2891
2017 жылдан бастап Астана мен Алматыдағы нашақорлар метадон бағдарламасымен емделмек

Астана мен Алматыда метадон бағдарламасы келер жылдан бастап енгізілетін болды. Нашақорларды емдеу әдісі елде 2008 жылы қолданыла бастады. Метадон бағдарламасына қатысқан нашақорларды қоғамға бейімдеуге болатын көрінеді. "Аман-саулық" қоғамдық ұйымы ұсынған сандар бағдарламаның пайдасы барын көрсетеді. Ал Астана мен Алматы метадон терапиясынан неге қалыс қалды? Айгүл Ермахан баяндайды.

Алматылық 38 жастағы Евгенийдің оңалту орталығында ем қабылдап жатқанына 3 күн болды. Нашаға тәуелді жан 15 жылдан бері есірткімен күресіп келеді. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Айтуынша, диспансерден шыққан соң, есірткінің кезекті мөлшерін іздей бастайтын көрінеді.

Евгений, нашақор:

Бастапқыда айына бір рет қабылдайтынмын. Кейін арылмас сырқатқа айналды. Одан кейін күнде  таңертең ұйқыдан есірткіге ақшаны қайдан тапсам екен деп оянатын болдым. Ешқандай тоқтай алмайсың. 

Евгений секілді есірткіге тәуелді жандардың қатары Алматыда 400-ге жетті. Елде мыңдаған  адам бар. 2008 жылы оларды метадон әдісімен емдеу қолға алынды. 10 қалада 396 нашақор дәріні қабылдайды. Барлығын да қоғамға бейімделу көрсеткіші артқан. "Аман-саулық" қоғамдық ұйымының сандарын сөйлетсек...

182 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 66-ы отбасын құрыпты. Дәріні қабылдауға келіскен нашақорлардың 96 пайызы туыстарымен қатынасын реттеген. Ал 14 пайызы есірткі мен метадонды қабылдаудан түбегейлі бас тартқан.

Бұл бағдарлама СПИД сырқатының таралуын да азайтқан. Нәтижесін көрген соң болар, Астана және Алматыдағы оңалту орталықтары метадон бағдарламасын қолға алмақ. Ол үшін дәріні қабылдау кабинеттері де ашылған.

Гүлсара Сүлейменова, Алматы қалалық наркологиялық медициналық-әлеуметтік бейімдеу орталығының бас дәрігері:

Бұл психотропты дәрмек болғандықтан, арнайы оны сақтайтын қоймалар қарастырылған. Сондай-ақ бейнебақылау камералары жұмыс істейтін болады. Өйткені олардан ешкім бұл препаратты алып кетпеуі керек. Нашақорлар дәріні медбикелердің көз алдында қабылдайтын болады.

Қос қалада метадон бағдарламасын елдің соңында қабылдауға бел буған. Бұған қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қарсылығы себеп болды, - дейді министрлік мамандары.

Руслан Әділханов, ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің департамент сарапшысы:

Метадонға қарсы болғандар көп. Бұл түсінікті жағдай. Барлық елде метадон бағдарламасы іске қосылған кезде қарсылық білдіргендер мен қолдағандар жетіп артылды. Егер біз бірден енгізген кезде, шикі тұстары болар ма еді. Қазір біз барлығын зерттеп, толығымен қарастырдық. Көбі келісіп отыр. 

Айгүл Ермахан, тілші:

Апиын заттарын алмастыратын терапия есірткіге тәуелді жандарға күштеп жүргізілмейді. Оңалғысы келетін нашақор өзі шешім қабылдайды. Соңғы кезде героин қабылдайтындар саны азайған. Осыдан 5 жыл бұрын 70 пайыз болса, қазір 25 пайызға төмендеген. Бірақ анаша шегетіндер қатары артқан. Нашаның бұл түрін қолданатындарға метадон әсер етпейді. Сондықтан 10 жылдан соң апиын заттарын алмастыратын метадон дәрмегінің пайдасы болмауы мүмкін, - дейді мамандар.