$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Газадағы негізгі аурухана жұмысын тоқтатты – ДДСҰ

AstanaTV
13.11.2023ж. 11:50
685
Газадағы негізгі аурухана жұмысын тоқтатты – ДДСҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа қаласындағы Әл-Шифа ауруханасы тұрғындарды қабылдауға жарамсыз екенін мәлім етті. Астана телеарнасы бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

ДДСҰ Газаның негізгі медициналық мекемесі Әл-Шифа ауруханасы ауыр әрі қауіпті жағдайда екенін ескертті, онда электр энергиясы толық сөндірілген, тағам мен су тапшы.

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус аурухана маңында болған атыс пен жарылыстар онсыз да мүшкіл жағдайды ушықтырып жібергенін, енді Әл-Шифа аурухана ретінде қызмет көрсете алмайтынын хабарлады.

Израиль әскері ондаған жаңа туған сәби мен жараланған адамдарды басқа ауруханаға эвакуациялауға көмектесуге дайын екенін айтты.

Әл-Шифаның хирургия бөлімшесінің жетекшісі, дәрігер Марван Абу Саада ВВС-ге үшінші шала туған бала электр энергия жетіспегендіктен шетінеп кеткенін хабарлады.

ВВС агенттігі осы жердің хирургия бөлімшесінде жатқан 20 сәбидің суретін алды.

ХАМАС тобы басқаратын Газа Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ ұсынған жаңарған ақпаратқа сүйеніп әлі 2300 адам Әл-Шифа ауруханасында жатқанын хабарлады. Ауруханада 600-ден 650-ге дейін науқас, 200-ден 500-ге дейін медициналық қызметкер мен ғимаратты паналаған 1500-ге жуық адам бар.

Израиль президенті Исаак Герцог ғимараттың астында ХАМАС базасы орналасқан дейді, ал топтың өзі мұны жоққа шығарды. Израиль әскері соғыс қимылдары кезінде госпитальге шабуылдамағанын мәлім етті.

7 қазанда ХАМАС тобының Израильге жасаған шабуылынан 1200 адам қаза тапты, 200-ден астамы тұтқынға алынды. Содан кейін Израиль Газа секторын соққылай бастады.

ХАМАС тобы басқаратын денсаулық сақтау министрлігі содан бері Газада 11 000-нан астам адам өлтірілгенін, оның 4500-ден астамы бала екенін хабарлады.