$472.62 €513.22 ₽5.43
×

Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылының тұрғындары мал қорымының құрылысына қарсы

AstanaTV
30.11.2016ж. 20:00
3514
Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылының тұрғындары мал қорымының құрылысына қарсы

Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылының тұрғындары дау шығарды. Бұқара елді мекеннің іргесінде салынып жатқан мал қорымының құрылысына қарсы. Айтуларынша, бұл шаруа санитарлық нормалар мен экологиялық талаптарды ескермей жүргізіліп жатыр. Елді елең еткізген мәселеден жергілікті билік те құлағдар. Ауыл әкімі бюджеттің қомақты қаржысы жұмсалған нысанның құрылысын, қажет болса, бір күнде тоқтатамыз,-деп қысқа қайырды. Денсаулығы мен балаларының болашағанына алаңдаған ағайынның мұң-мұқтажын тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы тыңдап қайтты.

Талғат Әшірбаев бұл ауылға жарты жыл бұрын көшіп келген. Жаңа үй тұрғызып, қаланың қасында ыңғайлы өмір кешпек болған. Бір ай бұрын қалтасынан 140 мың теңге шығарып, үй ауласында құдық қазғанын айтады. Енді сол әрекетім бекер ме,- деп қиналып отыр.

Талғат Әшірбаев, Жетекші ауылының тұрғыны:

Менің қорқатыным, ертең анда мал өлексесін тастайтын жерде олар порошок тастайды ма, кислота тастайды ма, одан аулақ, мына біздің су 20 м шығып тұр. Сол жер асты суы бұған барып қосылады. Сол кезде біз желден бір зиян шегіп жатырмыз, оның үстіне су ішсек, одан біз ауру табамыз.

Сөзінің жаны бар. Тұрғындар құрылыс жүріп жатқан аумақтан 200 метрдей жерде жер асты суына барлау жүргізілгенін айтып отыр. Соның қорытындысына сәйкес, мұнда 8 ұңғыма қазылып, 4-5 су мұнарасы қойылады деп шешілген еді, дейді. Гидрогеологтардың айтуынша, жауапсыз істің арты экологиялық апатқа әкелуі ықтимал.

Юрий Косолапов, «Павлодаргидрогеология» ЖШС бас гидрогеологы:

Олардың қолында бәлкім жер туралы акті де жоқ шығар. Бар болса да, ол акті санэпидстанциямен келісілмеген. Тіпті, жоба экологиялық жағынан да шикі. Кез келген жобаны құрастырар алдында арнайы іс-шаралар жүргізіледі. Мәселен, қоғамдық тыңдау өткізіледі. Бұл - заң талабы. Бірақ осы жағдайда ондай ештеңе болмады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Санитарлық-құрылыс талаптарына сәйкес мұндай мал қорымдары ауылдан кем дегенде 1 шақырым алыс жерде орналасуы тиіс. Алайда, тұрғындардың сөзінше, ауыл шетіндегі үйлер мен бұл нысанның арасындағы қашықтық 600 метрден аспайды. Байқап отырғанымыздай, құрылыс қарқын алған. Жұмысшылар оны жуық арада, яғни желтоқсанның ортасында тапсырамыз дегенді айтты.

Мал қорымы Жетекші ауылының оңтүстік-батыс аумағында орналасқан. Тұрғындардың сөзінше, дәл желдің өтінде тұр. Егер нысан іске қосылса, елді мекен күміскі иістің астында қалмақ.

Жақан Сексенов, Жетекші ауылының тұрғыны:

Біреу әкеп тастайды. Біреуі дәрімен салатын шығар. Оның бәріне солай қарап тұра алмайды ғой?! Оның бәрінің иісі қайда барады?! Біздің ауылға барады.

Халықтың наразылығын тудырған құрылыс жайлы жергілікті билік хабардар.

Гүлбаршын Баубекова, Жетекші ауылының әкімі:

Шұңқырдың аты шұңқыр. Бүгін бар шұңқыр, ертең жоқ шұңқыр. Перенесут. Өйткені  не на моих землях, бірінші. Екінші, мы планировали за территорией свалки. Все равно этого скотомогильника там не будет. - Бір метр қалындықты қабырға қалап жатыр ішінде. - Зимой кто может делать кладку? -  Әне істеп жатыр. Сіз бармадыңыз ба?

Қалалық құрылыс бөлімі басшысының дерегінше, әкімнің оп-оңай «тоқтатамын» деген құрылысына бюджеттен қомақты қаржы бөлініпті - 11 млн теңге. Мердігер оның 30 пайызын игеруге кіріскен деп отыр. Бұл жоба 2015 жылы қабылданған және барлық талапқа сай жүргізілген.

Сергей Звонковский, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Дәл қазіргі жағдайда арнайы комиссия құрылды. Ол тағы да кординаттық өлшемдер жасайтын болады. Шекарасы анықталған соң, шешім қабылданады. Егер комиссиямен ол жерде мал қорымын салу мүмкін болмайды деген шешім қабылданса, әрине, оны  басқа жерге ауыстырамыз.

Қалай болса да, ауыл тұрғындары түйткілді түбіне дейін жеткіземіз деп отыр. Мәселе шешілмесе, 200-ге жуық адам қол қойған құжатты прокуратураға жолдамақ.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ