$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырау облысында полицейдің көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткен

AstanaTV
15.11.2023ж. 11:03
788
Атырау облысында полицейдің көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткен

Атырау облысы Индер ауданында белгісіз біреулер полиция көлігін өртеп жіберген. Бірақ залал көлікке жауапты полиция қызметкерінен өндірілмек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.

Облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, 2021 жылғы 1 қазанда өрт кезінде Skoda Oktavia маркалы қызметтік көлігі мүлікке жауапты полиция қызметкерінің үйінің ауласында болған.

"Қызметтік көлік Индер аудандық полиция бөлімінің бұйрығымен Индер аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясының аға инспекторына бекітілді. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ көлікті өртеген адам анықталмады. Департамент бастығының бұйрығымен жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесінде көлікке жауапты адам атағын төмендету түрінде тәртіптік жазаға тартылды", - деп хабарлады сотта.

Сараптама қорытындысына сәйкес Skoda Oktavia маркалы көлігінің орташа құны 4 209 263 теңге болады, ал өрттен кейін осы көліктің бөлшектерінің құны 841 247 теңге болған. Полиция департаменті сотқа шағымданып, жауапкерден жергілікті бюджетке материалдық шығын өндіріп алуды сұрапты. Атырау облысы Индер аудандық сотының шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды, жауапкерден мемлекет пайдасына 1 500 000 теңге залал, 45 000 теңге мемлекеттік баж, 131 403 теңге көлемінде сараптама шығындары өндірілді.

Кейін сот алқасы сот шешімінің күшін жоюды сұраған полицейдің шағымы бойынша істі қайта қарады. Сот алқасы сот шешімінің күшін жою және Полиция департаментінің талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдады. Себебі істі қарау барысында департамент бірінші сатыдағы сотқа 3 180 000 теңге мөлшерінде көліктің қалдық құнын растайтын дәлелдер ұсынбаған және қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адам анықталмаған.

Бірінші сатыдағы соттың шешімі жойылып, жаңа шешім шығарылды, талап арыздан бас тартылды. Осылайша, полицейдің апелляциялық шағымы қанағаттандырылды.