Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Биыл Бурабайға 600 мыңнан астам турист келген

AstanaTV
15.11.2023ж. 17:02
842
Биыл Бурабайға 600 мыңнан астам турист келген

Президент іс басқарушысы Айбек Дәдебаев «Бурабай» ұлттық саябағы мен «Бурабай Даму» кәсіпорнында туризмді дамыту ісі қалай жүзеге асып жатқанын айтты, деп жазады Қазақпарат.

Президент Іс басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық саябағы мен «Бурабай Даму» кәсіпорны — елімізде туризмді дамытуға, әсем табиғатты қорғауға ерекше үлес қосып жүрген іргелі мекемелер.

«Биыл қаңтар-қазан айларында ұлттық паркке келушілердің жалпы саны 600 мыңнан асты. Әрине, Сарыарқаның жауһары саналатын өлкеге халықтың қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен, адам аяғы көбейген сайын, тұмса табиғатты сақтау ісіне де соғұрлым көбірек маңыз беруге тура келетінін ескерген жөн. Осыған дейін курорттық аймақта Smart National Park Burabay жобасының екі кезеңі жүзеге асырылған болатын. Үшінші кезең шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау, 5 өткізу-бақылау бекетін автоматтандыру, қоршаған ортаны бақылауға және мониторинг жасауға арналған 3 бейнекамера қою сынды инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды», — дейді Айбек Дәдебаев.

Оның айтуынша, қазір бірнеше секунд ішінде көліктің түрін, маркасын және мемлекеттік нөмірін тіркеуге алып үлгеретін автоматты жүйе тестілік режимде істеп тұр.

Бұл бекеттерде кептеліс туындамауына, жемқорлық қатерлерін болдырмауға, жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.

«Осы орайда Smart National Park Burabay жүйесі өрттің алдын алу, браконьерлердің жолын кесу сынды жұмыстарға да оң әсерін тигізгенін атап өткім келеді. Он ай ішінде ұлттық парк аумағындағы туристік маршруттарда серуендеген адам саны 33 мыңнан асып түсті. Халықтың қызығушылығы жоғары екеніне көз жетті. Сол үшін Шучье және Бурабай көлдерін айнала салынған веложолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтар әлі де ұзара түсіп, биыл Ақбура курортына дейін жетуге тиіс. Алдағы уақытта қосымша 8 шолу алаңын, көлік қоятын 4 алаң салынады деп жоспарланып отыр. Курорттық аймақта байланыс пен интернет жүйесін жетілдіре түсу үшін жаңадан ұялы байланыс станциялары салына бастайды, бұрынғы базалық станциялар жаңартылады», — деп атап өтті Президенттің іс басқарушысы.

Жылма-жыл орман алқабын ұлғайтып отыру ісі де жоспар бойынша жүріп жатыр. Биыл Ақылбай орман шаруашылығының аумағынан жаңа тәлімбақ салу үшін 50 гектар жер белгіленді.

Орманшылар тұратын кордондар мен кеңселердің біразы жаңарып, 6 орман шаруашылығының инспекторлары жаңа қонысқа көшіп үлгерді.

«Жоғарыда айтып өткенімдей, туризмді дамыту мен қоршаған ортаны қорғау жұмыстары бір-бірімен тығыз байланысты. Халық саны артқан сайын, инфрақұрылымды да жетілдіріп отыру керек. Осы орайда, „Бурабай“ ұлттық паркі мен „Бурабай Даму“ кәсіпорны жергілікті әкімдікпен бірлесіп, қоқысты уақытылы шығару, табиғат аясында тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарына баса назар аударып келеді. Жалпы туристік өңірде жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғаса береді», — дейді Айбек Дәдебаев.