$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы сауда-саттық айналымы 22 млрд доллардан асты

16.11.2023ж. 20:00
1063
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы сауда-саттық айналымы 22 млрд доллардан асты

Түбі бір түркі мемлекеттері арасындағы байланыс соңғы жылдары едәуір арты. Бұрындары мәдени қарым-қатынас көп айтылатын. Қазір экономикаға да ден қойыла бастады. Бас қосу алаңы алғашында кеңес болса, бүгінде ұйым болып ұйысты. Қазақ жерінде бас қосқан мемлекет басшылары ортақ әліпби мен банк қажеттігін де жеткізді. Болашаққа жасалып жатқан қадамдары тілшіміз жіпке тізді.

Қараша айында Қазақстанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен бауырлас елдердің ықпалдастығын тереңдетуді қозғады. Ол үшін ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді, тіліміз бен ділімізді дәріптеу маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар.

Қазірдің өзінде ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттық айналымы 22 млрд доллардан асқан. Бұл байланыстың арнасы кеңейіп, ынтымақтастықтың ырысы артқанын білдіреді. Енді олар жасанды интелект, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға мүдделі. Сарапшылар түркі мемлекеттері экономиканы интеграциялау арқылы дамуын үдеткені жөн деп санайды. Қолдағы барын өзара бөлісіп, бір-бірін толықтырып отыруы қажет.

Жангелді ШЫМШЫҚОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Біз Ресеймен ешқандай интеграцияға бара алмаймыз. Олардың экономикасымен тек бәсекелес қатынастамыз. Ал, егерде біз Түркиямен, Өзбекстанмен, Түркімен олармен интеграцияланатын болсақ, бір-бірімізді толықтыратын бір экономикалық одақтастық құруымыз керек түбінде.

Әлемдегі алмағайып ахуал бауырластық қажет екенін ұқтырды. Табиғи апаттар туыстас елдердің жанашырлығын байқатты. Әрине, ондай кезде ағайын жәрдемін аянып қалып жатқан жоқ. Осыған байланысты түркі мемлекеттер арасында әскери одақ та құрылу қажет дейтіндер бар.

Амангелді ҚҰРМЕТ, САРАПШЫ:

Түркі халықтарының ынтымағы, бірлігі деген кезде, әскери одақ құрыла ма деген сияқты сауалды жиі қояды. Менің жеке пайымдауым бойынша ондай мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ оның алғышарттары болатын кейбір уәждері бар. Айталық төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылды үйлестірге қатысты құжаттар қабылданып жатыр. Егерде төтенше жағдайлар құрылымдарының жартылай әскериленген мекемелер екенін ескеретін болсақ, бұл алдағы жылдары, бәлкім 2023 жылдардан кейін әскери ынтымақтастыққа да апаруы ықтимал.

Қазір Түркі мемлекеттері ұйымы құрамында 5 мемлекет бар. Тағы 3 мемлекет бақылаушылар қатарында. Х самитте мемлекет басшылары алдағы жоспарды айқындап, түркі әлемінің келешегі - 2040 атты құжат бекітті.