Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел

17.11.2023ж. 20:00
682
Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел

Өлтірді, зорлады, алдап кетті. Соңғы кездері осы тектес жаңалықтарды жиі еститін болдық. Әділдік іздеп шыр-пыр боп жүрген жанды жиі көресің. Амалы таусылғандар шетелдік сотқа жүгіне бастаған. Мемлекет басшысы бұл елге абырой әкелмейді,- деді. Президент бір жыл бұрын жалпыұлттық референдумда бұдан шығатын жол заң үстемдігі мен әділ төрелік екенін айтты. Сот жүйесіне өзгертулер енгізіп, құқық қорғау институттарын күшейту бойынша нақты тапсырма берді. Содан бері жағдай өзгерді ме? Аружан Задабек сараптайды.

Былтыр жалпыұлттық референдумда Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Конституциялық соттың құрылуы да сол түзетулердің бір бөлігі болды. Бақылаушы орган тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін де болған. Дәлірек, 1991 жылы құрылып, 1992 жылы жұмысын бастады. Бірақ 1995 жылы оның орнына сот жүйесіне кірмейтін Конституциялық кеңес құрылды. Енді бұл екеуінің ара-жігін ажыратып алайық. Конституциялық кеңес ол аты айтып тұрғандай бар-жоғы кеңес береді. Ол кеңестің қандай да бір міндеттемелік күші болмайды. Ал, Конституциялық сот - алдына түскен мәселені қарап, нақты шешім шығарады. Билік етеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құқық қорғау институттарын күшейту, Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар Ата Заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады.

Бірегей институт қазір әлемдегі озық елдердің барлығында бар.

Конституциялық сот 1920 жылы алғаш рет Аустрияда пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияда құрылған. 1963 жылы Югославияда, 1986 жылы Польшада, ал 90-жылдардың басында Шығыс Еуропа мемлекеттерінің бәрінде және Ресейде жұмыс істеп бастады.

Дәурен СӘКЕНҰЛЫ, САРАПШЫ:

Сот жүйесінде сұрақтар өте көп. Соттарды тағайындау жағынан, сотта шығып жатқан шешімдерге байланысты, ашықтығына байланысты. Ол бізге қара жәшік сияқты еді. «Ол қалай шығып жатыр, не үшін олай шықты» деген сияқты. Бұл сот жүйесіне үлкен қадам жасау керек. Сол жүйесіне үлкен серпін беру керек әрі қарай дамыту үшін.

Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Елдігіміздің кепілі Конституцияның алғашқы бабы да осы бір қанатты сөздерден басталады. Президент айтқан өзгерістердің мақсаты да – осы.

Ақерке ҚАСЫМ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Конституциялық сот жұмысын бастаған кезде азамдар оның қызметін, функциясын дұрыс түсінбей жатты. Сондықтан да Конституциялық соттың құзыретіне қатысты емес немесе басқа да мәселелер бойынша көптеген өтініштер келіп түсті. Мысалыға айтар болсақ, 40 пайыздан аса өтініштер жалпы соттардың шешімдерін қайта қарау бойынша немесе басқа жаза мерзімін қысқарту, үй алып беру сияқты неше түрлі өтініш келіп түсті. Бірақ, қазір өтініштердің сапасы біршама жақсарды.

Біз халықаралық тәжірибені жиі үлгі етеміз. Ендеше, АҚШ мемлекеттік департаменті жасаған мына бір баяндамаға зер салсақ. Ұйым 2020 жылы еліміздегі адам құқы мен бостандығына қатысты көлемді баяндама жасады. Сөйтіп, адамдардың бас бостандығын шектеу кезінде өрескел заң бұзушылық көп екенін анықтаған. Тіпті, азаптау көріністері әшкереленген. Заң үстемдігі – осындай мәселені алдын алады – дейді саясаттанушылар.

Ғазиз ӘБІШОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Ертең бір депутат, бір мәжіліс бір заңды қабылдаса. Бірақ, ертең бір азамат сол заңды көріп, конституциялық сотқа былай айтады: «Осы заң біздің Ата Заңымызға қайшы болып жатыр. Енді конституциялық сот осы заңды ашып, оқып өз шешімін айтады. Иә, дұрыс, осы заң Конституцияға қарсы болып жатыр, оны алып тастау керек деп айтады. Оның құқығы бар.

Заң үстемдігінің қайта жандануы құқық саласын дамытуға айтарлықтай серпін беретіні белгілі. Өйткені оны қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес.