Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ұлытауда агроөнеркәсіптік кешен саласында 6 инвестициялық жоба іске қосылады

AstanaTV
20.11.2023ж. 15:06
468
Ұлытауда агроөнеркәсіптік кешен саласында 6 инвестициялық жоба іске қосылады

Ұлытау облысында агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. 

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең жоғары баға Ұлытау облысында тіркелгенін атап өтті. Әкімнің сөзінше, бағаның жоғары болуына логистикалық шығындардың жоғары болуы және ірі агро құрылымдарының жоқтығысебеп болып отыр. Облыс өзін тек үш өнім түрімен қамтамасыз етеді, қалған өнімдер көршілес облыстардан әкелінеді.

"Осыған байланысты агроөнеркәсіптік кешен саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр", – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Облыс басшысының айтуынша, осы шаралар аясында Жаңаарқа ауданында мал сою цехы бар 10 мың бас малға арналған мал шаруашылығы кешені, Жезқазған қаласында құс етін өндіретін құс фабрикасы, Сәтбаев қаласында құс етін қайта өңдеу цехы ашылып, Жезқазған қаласындағы ұн тарту кешенін жаңғыртылады. Сондай-ақ, кемінде 400 га алаңда картоп пен көкөніс өсіру, 100 га алқапта жем-шөптің ауыспалы егістерін құра отырып, құрғақшылыққа төзімді жем-шөп дақылдарын өсіруді енгізу жоспарланып отыр.

Бұл жобаларды іске асыру ішкі нарықты құс етімен, сүт өнімдерімен, картоппен және көкөніс өнімдерімен 30%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ өңірдегі бағаны тұрақтандыру үшін өңірлік Тұрақтандыру қоры құрылып, 4,5 мың тоннадан астам өнім сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінді.

"Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге жылдық 2,5 пайызбен 440 шағын несие берілсе, бүгінгі таңда 3,3 млрд теңгеге 415 өтініш қабылданған. Оның 1,3 млрд теңге болатын 162-сі мақұлданды.