$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Израиль мен ХАМАС тұтқындарды босатуға, соғысты уақытша тоқтатуға келісті

AstanaTV
22.11.2023ж. 08:57
610
Израиль мен ХАМАС тұтқындарды босатуға, соғысты уақытша тоқтатуға келісті

Израиль үкіметі бірнеше сағатқа созылған келіссөзден кейін ХАМАС тобымен келісімді мақұлдады. 

Келісімге сәйкес 7 қазанда Израильден ұстап әкетілген тұтқындарды босату, соғыс іс-қимылдарында үзіліс жасау және жауап ретінде израильдік түрмелерден палестиналықтардың бір бөлігін жіберу көзделген.

Келісімнің егжей-тегжейі:

ХАМАС содырлары израильдік 50 тұтқынды – тек азаматтық тұлғаларды, әйелдер мен балаларды босатады;

Израиль Газа секторында оқ атуды тоқтатады – ол 4 күнге жалғасады;

Израиль түрмелерден палестиналық 150-ге жуық адамды (цифрлар әлі нақтыланған жоқ) – әйелдер мен кәмелетке толмағандарды босатады;

Оқ ату тоқтатылған күндері Газаға гуманитарлық көмек пен отын тиелген жүк көліктері кіргізіледі.

Израильдің Haaretz басылымының жазуынша, жоспар бойынша атыс тоқтатылатын 4 күнде ХАМАС «кепілге алынған 30 баланы, 8 ананы және тағы 12 әйелді» босатады.

Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, тұтқындарды босату бейсенбі күні басталуы мүмкін.

Times of Israel газеті үкіметтегі дереккөзге сілтеме жасап мәлім еткендей, келісім мақұлданғаннан кейін Израиль түрмеден шығарылатын палестиналықтар туралы толық ақпаратты жариялауы тиіс.

ХАМАС пен Израиль келіссөз жүргізіп жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал ибн Фархан әл-Сауд Араб-Ислам саммитін ұйымдастыруға жауапты комитет жұмысын бастағанын мәлім еткен еді. Комитетке Газада атысты тоқтату бойынша іс-қимылдарды әзірлеу жүктеліп отыр. Осы мақсатта Араб және ислам елдерінің сыртқы істер министрлері Қытайға, кейін басқа да елдерге баратыны айтылды.

20 қарашада араб және ислам елдерінің СІМ басшылары Қытайға сапарлап, ҚХР сыртқы істер министрі Ван И мырзамен Палестина мәселесін тез арада шешу жолдарын талқылады.

Ал кеше, 21 қарашада араб және ислам елдері сыртқысаясат ведомстволарының басшылары Таяу Шығыстағы ахуалды талқылау үшін Ресейге барды.