Ақтөбеде Жаңақоныс елдімекенінің тұрғындары көшедегі электр бағаналарынан қауіптеніп отыр. Үйдің дәл түбіндегі бағаналар өзінен өзі үгітіліп, қақ ортасынан жарылған. Жел соқса, тербелетін көрінеді. Жұртшылық "бір күні басымызға құлап, тоққа түсеміз бе" деп қорқады.
Бірлік көшесіндегі электр бағаналары 8 жыл бұрын қойылған. Қазір он екісі жарылып, әрең тұр.
Бердібек ШАЛАБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Жел күндері теңселеді. Бұл енді құлап кетсе үлкен напряжениемен келіп тұрған дүние мынау адамға да, пәленбай миллионға салған үйлерге де зақым келеді.
Ерболат АМАНЖОЛОВ, ТҰРҒЫН:
Мына жерде балалар ойнайды. Өзіміз кіріп-шығамыз. Үлкен кісілер кіріп-шығады. Қауіпті. Осыны ауыстыруын сұраймыз.
Тұрғындар бағаналарды ауыстыруды сұрап жауапты мекемелерге, қалалық әкімдікке шағымданған. Ондағылар мердігер мекемемен бірге арнайы тексеру жүргізіпті.
Абай ОРЫНБАСАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Электр бағаналарының жарылуы араларының ашылуына байланысты бүгінгі күні тұрғындарға қауіпсіздік келтіретін болса, осы ағымдағы жылдың аяғына дейін жоспарлаймыз ауыстыруды.
Қала бойынша жиырмадан астам осындай құлағалы тұрған бағана бар екен. Жақында соның барлығы ауыстырылады дейді жауаптылар.