Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Паркингтерде электромобильдерді зарядтау станцияларын пайдалануға жол берілмейді

AstanaTV
22.11.2023ж. 18:36
558
Паркингтерде электромобильдерді зарядтау станцияларын пайдалануға жол берілмейді

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардың электромобильдер мен оларды зарядтау станцияларының орналасуы туралы көптеген өтінішін ескере отырып, біздің елде оларға қойылатын талаптардың жоқтығына алаңдауда.

Бұл факт барлық мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені кейінгі уақытта бүкіл әлемдегідей біздің елімізде де электромобильдерге сұраныс артып келеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес биыл 25 қыркүйектегі ахуал бойынша республика аумағында 6,5 мыңнан астам электромобиль пайдаланылуда.

Бұл ретте электромобильдерге орнатылған батареялар электр қуатын жиі зарядтауды қажет етеді. Бүгінгі таңда елімізде тұрғын және қоғамдық ғимараттардың автотұрақтары мен паркингтерінде зарядтау станцияларының белсенді орнатылып жатқаны байқалады.

Сонымен қатар ТЖМ электромобильдерде орнатылған литий-ионды аккумуляторлардың өрт қауіпті сипаттамаларына назар аударады. Электромобильдердегі өртті сөндірудің шетелдік тәжірибесі литий-ионды батареялардың тұйықталуы, істен шығуы, өздігінен тұтануы және жарылуы мүмкін екенін көрсетеді.

Осыған байланысты, ТЖМ электромобильдер мен олардың зарядтау станцияларын орналастыру жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделей отырып, зарядтау станцияларының орналасқан орнына, орналастырылатын электромобильдер мен зарядтау станцияларының санына қойылатын талаптарды, ең аз арақашықтық және т. б. белгілеу бөлігінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Электр көлігін пайдаланудың практикалық тәжірибесін зерттеу үшін Қытай мен Түркияға қосымша сұраныстар жіберілді.

ТЖМ сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі уәкілетті органның атына тиісті талаптарды мемлекеттік нормативтерде белгілеу қажеттілігі туралы хат жолдағанын атап өтеміз.

Осыған байланысты, ТЖМ әртүрлі мақсаттағы ғимараттарында электромобильдерге арналған зарядтау станцияларын орналастыруға жол беру бөлігінде мемлекеттік нормативтерге қажетті талаптарды заңнамалық реттеуден және олар енгізілгеннен кейін қабылданған түзетулерге сәйкестікке келтіру мақсатында өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптары қайта қарайтынын хабарлаймыз.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданғанға дейін бокстарда, паркингтерде, көлік құралдарын қоюға арналған үй-жайларда, өндірістік гараждардың үй-жайларында, шатырлардың астында және электромобильді зарядтауға арналған көлікті сақтау ашық алаңдарында айнымалы токтың зарядтау станцияларын пайдалануға жол берілмейді.