Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова алғаш ана атанған сәтін еске алып, тәтті естелігін бөлісті. Денсаулығы сыр беріп, қиналғанын да жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.
Продюсердің айтуынша, бір палатада алты әйел қатар босанған.
“20 жасымда Қайратты дүниеге әкелдім. Жас болып, ештеңені білмедік. Босану процесі өте жеңіл өтті. Алты әйел қатар босандық. Ішіндегі ең жасы мен болдым. Жас күніңде денсаулығың да жақсы болып тұратындықтан, бірінші босандым әрі өте тез болды. Толғақ қысқанда өліп кететін шығармын, ешкіммен қоштасып үлгермедім” деп ойладым. Босанып болдым да, төсегімнен тұрып жанымдағы әйелдерге көмектестім. Белін уқалап, массаж жасадым. Ол кезде жатыр орнына тез түсу үшін мұз қояды. 15 минуттай мұз басып жаттым. Жанымдағы келіншектің бәрі босанып болғаннан кейін, үйдегілерге хабарлауға шықтым. Ұзын дәлізде медбикенің үстелінде тұрған телефонмен бүкіл ағайын-тумадан сүйінші сұрадым. Қуанғанымнан қайын ағаларыма да хабарласып, “Аға, мен босандым, ұл тудым” деппін. Кейін енем мен шешем беттерін шымшып ұялып жүр: “Қайын ағасына босанғанын айтқан келіншекті бірінші рет көруіміз” деп. Менде ұялу сезімі болмағандықтан, қуанғанымнан хабарласа бергенмін.
Сондай-ақ сәбидің әкесі баласын үш айдан кейін көрген.
“Ол кезде әкесі Нұртас әке-шешесінен ұялып, үш айға дейін келмеді. Жұмыс бабымен басқа өңірге кетті. Хат жазады, ұлым екеуіңді көргім келеді деп. Оңтүстік өңірде бірінші бала әжесінің баласы немесе қайын ағасының баласы болуы керек деген жазылмаған заң бар. Содан аттап кете алмай, әжесінің бауырына бердік. Ауылда тұрғандықтан, келіндік міндетіңді атқару керексің. Бір рудан болғандықтан, басыңа орамал тағып, сәлем саласың. Бүкіл үй тірлігі мен бала-шағаның тамағына жауаптысың. Мен босанып келген кезде үйдегі абысыным қайын ағамызбен ұрысып, төркініне кетіп қалды. Бес баласын қалдырып кетті. Енем қалаға қыдырып кеткен. Бес баланың тамағын жасаймын, кірін жуамын, шомылдармын, үйді жинаймын. Сол кезде шаршауды білмейсің”, – деп еске алады сол күндерді.
Айтуынша, сол жылдары денсаулығы да сыр берген көрінеді.
“Өзім жаңа босанған, қалжаланып отыратын келіншек болуым керек. Бірақ олай отыра алмадым. Екі шелектеп су тасимын. Қайратты ақпан айында босандым. Қақаған аяз, суық болатын. Бір күні емізейін десем, сүттің орнына қан ағып жатыр. Кеудем ісіп, тас болып қалған. Неден пайда болғанын білмеймін. Бізге ешкім босанғаннан кейін күтіну керегін, ауыр көтеруге болмайтынын айтқан емес. Сол уақытта анам келіп, қалаға апарып қаратайық, қызымызды бізге беріңіз” деп енемнен сұрап келді. Кейін біз қалада тұрамыз деп шештік. Енем мен анам алма-кезек қарасып, баламды бағып берді”, – дейді продюсер.