Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Минскіге барды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитіне қатысты. Ұйымның атқарған жұмысы сараланып, алдағы жоспарлары талқыланды. Президент көтерген бастамаларды Бекболат Сатуов айтып береді.
Салтанатты рәсім залында Беларусь президенті Александр Лукашенко саммитке келген ел көшбасшыларын қарсы алды. Олар – Ресей, Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі сессия халықаралық ахуал күрт нашарлаған өте қиын жағдайда өтіп жатқанына назар аударды. Еуразия құрлығындағы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жауапкершілігіне кіретін аймақ төңірегінде күрделі жағдай қалыптасып отыр.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн.
Мемлекет басшысы Қазақстанның палестиналықтарға қатысты уақытша бітім жасау туралы соңғы келісімді құптайтынын мәлімдеді. Бұдан өзге, Қазақстан Президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалға назар аударып, халықаралық қоғамдастықты ауған халқына көмек беру ісін жалғастыруға шақырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру және тауқыметі көп осы елдің өңірлік экономикаға интеграциялануына ықпал ету маңызды деп санаймыз. Биыл Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, аса қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек жөнелтті. Қазан айында Ауғанстанның батысында болған жер сілкінісіне байланысты көмек көрсетілді. Герат қаласына құтқарушылар, кинологтар мен медицина қызметкерлері жіберілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ аясындағы серіктестердің әдеттегі қауіп-қатер деңгейінің ұлғаюына, соның ішінде есірткі, қару-жарақ айналымының, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграцияның өсуіне қатысты алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын мәлімдеді. Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен бірге осы сын-қатерлерге алдағы уақытта да төтеп беруге әзір екенін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға тың серпін әкеледі. Себебі ең басты ұстаным ол тыныштық пен қауіпсіздік дейді,-сарапшы Аман Мамбеталин.
Аман МАМБЕТАЛИН, САЯСАТТАНУШЫ:
Қазақстан өз төрағалығы арқылы ҰҚШҰ-ны реформалауға тиіс. Себебі ҰҚШҰ-ның нақты жауапкершілік аймағы және мақсаты бар. Ол қауіпсіздік мәселесі. Менің ойымша қауіпсіздік мәселесі бойынша нақты жауап беретін, қауіпсіздік қатынастарын нығайтатын реформалар басталады.
Жиын соңында Президент келер жылдан бастап Қазақстан Ұйымға төрағалық ететінін және осы кезеңде басымдық берілетін бағыттарды кеңейтілген құрамдағы жиын барысында жеткізетінін айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Ұйымды қарқынды әрі теңгерімді дамытуға, барлық мүше мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.