Алматыда
еріген қар суынан 30 шақты жеке үйдің ауласына су кірген. Сауда орны да су
астында қалды. Абыржыған халық жергілікті атқамінерлердің сылбыр қимылына наразы. Айтуларынша,
құтқарушылар дер кезінде суды сорғызып, арықтарды ашуға құлықсыз. Үйлерінің
маңына көл болып жиналған судан секем алған тұрғындар қолға күрек алып, бөгет
жасауға өздері кіріскен.
Абыржыған
халық құтқарушылардан көмек болмаған соң, еріген қардың суымен өздері
арпалысуға мәжбүр. Жергілікті биліктің құлағына жетсе, жәрдем болар деген ниетпен мына видеоны әлеуметтік
желіге салған. Десе де құтқарушылардан пайда жоқ. Сондықтан өзіміз суды басқа
арнаға бұрып әлекпіз, - дейді Ақбұлақ ықшамауданының тұрғыны Владимир Цой.
Владимир
Цой, қала тұрғыны:
Құм
салынған қапшықтармен бөгет жасадық. Бірақ бұл бастамасы. Жылда осы
көрініс. Жертөленің сызы өтіп барады. 21
ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ жол әлі күнге дұрыс жасалмайды. Тегіс
болмағандықтан, мына шұңқырға үйілген су аулаға кіреді. Үйден шыға алмай
отырмыз.
Қаланың
шетжағын айтпағанда, орталықтағы сауда орындарында да жағдай мәз емес. Толассыз
нөсер жауын мен еріген қар «Жібек жолы» базарының ауласын басып қалды. Ақсай
өзені ағысының арық жүйесі қар мен жаңбыр суына толып кеткендіктен, су
арнасынан тасыған. Салдарынан демалыс күні саудасы қызатын екі мыңдай саудагер
жұмысын тоқтатты. Лай аралас су астында қалған аумақ шамамен мың шаршы метрді
құраған.
Әділ
Абдуллин, базар әкімшісі:
Біздің
базардың жанынан арық өтеді. Жаңбыр мен еріген қар суынан арықтар толып қалды.
Су арнасынан асып, автотұрақ көлге айналды. Бір тәуірі су тек ауланы басып,
контейнер ішіндегі тауарларға зақым келген жоқ.
Қазір
оқиға орнында Алматы қаласының құтқару қызметі, Алатау аудандық коммуналдық
мекемесінің 25 жұмысшысы мен 4 арнайы техника жұмыс істеуде.
Дәурен
Нұрдәулетов, Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасы басшысының орынбасары:
Жеке
үйлерге байланысты аудан әкімдіктерін де көбіне Алатау, Наурызбай ауданы және де
төменгі аудандарын да аудан әкімдіктерімен қарастырып, ақпарат жиналуы да
негізгі 29 учаске белгіленген. Соның ішінде су басу салдарынан зардап шеккендер
қарастырылып жатыр. Қала аумағы бойынша 170 данаға жуық техника
жұмылдырылып, 60-тан аса адам қызмет жүргізіп отыр.
Қардың
қарқынды еруінен Алматының таулы аймақтарында орналасқан көлдерде су деңгейі
көтерілген. Қар көшкіні болып қалу қаупі де жоқ емес.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы төтенше
жағдайлар департаментінің ресми өкілі:
4
желтоқсан күні ағымдағы жылы тағы да
Қазгидрометтен дабыл келіп түскен еді. Күннің жылынуына байланысты таулы аймақтар да су деңгейі көтерілуі
ықтимал және қардың көшкіні болуы ықтимал делінген ақпарат бар. Соған
байланысты қала тұрғындарына және қонақтарына таулы аймақтарға шықпауға кеңес береміз.
Айгүл
Ермахан, тілші:
Жергілікті
билік тұрғындарды дүрлікпеуге шақырды. Қазір қаладағы жағдай қалыпты. Лай
көшкінінің алдын алу үшін тыңғылықты жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.
Ал, Қазгидрометке сілтеме жасасақ, алдағы күндері мегаполисте толассыз
жауын-шашын күтілуде. Түс ауа Алматыда тағы аспан түнерді.
Айгүл ЕРМАХАН