Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстанда үш күннің бірінде 1 әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмады

AstanaTV
24.11.2023ж. 20:00
868
Қазақстанда үш күннің бірінде 1 әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмады

Былтыр елімізде 60 мың әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа тап болған. БҰҰ-ның зерттеуінше, әсіресе, мүгедектігі бар қыз-келіншектер туғандарынан жиі теперіш көреді. Алайда олардың тең жартысы мәселесін біреуге айтуға батпайды. Салдарынан үш күннің бірінде 1 аруымыздан айырылып отырмыз. Бұрымдылар енді өзегін өртеген оқиғаларын «Шынымды айтсам» жобасы аясында анонимді түрде бөлісе алады.

Бұл - ащы дауыс зорлық-зомблыққа ұшыраған әрбір 6-шы қазақстандық қыз-келіншектің жанайқайы. Әсіресе, Түркістан облысындағы әрбір 5-ші ару осындай қиындықтың қыстауында жүр. Олардың тек үштен бірі ғана полициядан көмек сұрайды. Өкініштісі, елімізде үш күннің бірінде 1 нәзік жанды зорлық-зомбылықтан қайтыс болады. Бұл - БҰҰ-ның зерттеуі. Қазір зорлық-зомбылық тек таяқ жеумен өлшенбейді. Әйелдер физикалық, сексуалды, психологиялық, экономикалық қысымға ұшырап отыр.

Дина АМРИШЕВА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БҰҰ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Өкінішке қарай, біздің заңнамада сексуалды зорлық-зомбылыққа анықтама берілмеген. Осы бағытта БҰҰ-ы Қазақстандағы серіктестермен бірлесіп жаңа заңның қабылдануына әсер етуге тырысып жатыр. Әйелдер қауымын кез-келген зорлыққа төзбеуге, үнсіз қалмауға шақырамыз. Қоғамға жария болған әрбір оқиға арқылы біз мәселеге назар аударта аламыз.

Қылмыстық кодексінің 123-бабы бойынша жыныстық қатынасқа мәжбүрледі деп іс қозғалады. Ал оған дейінгі кемсіту, ыңғайсыз комплимент, қол жүгірту сияқты әрекеттерге ешқандай шара қолданылмайды. Салдарынан қазақстандық әйелдердің 57 проценті жұмыс орнында сексуалды зорлық-зомбылыққа, харассментке ұшырайды. Журналист Ая Өміртай да өзін бұндай оқиға айналып өтпегенін айтады. Ол айналасындағы харассментке ұшыраған қыздардың оқиғаларын қорыта келе, «+18» деп аталатын көркем әңгіме жазған. Аталмыш еңбек «Орталық Азия әйелдерінің проза жинағына» ағылшын тіліне аударылып басылған.

Ая ӨМІРТАЙ, ЖУРНАЛИСТ:

Шенеуніктердің арасында, ықпалды күштердің арасында харассментке жиі баратын, сексуалды қысымға мәжбүрлейтін оқиғалар бұқараға жария болмай жатады. Оның бірден-бір себебі – сол жерде қызмет істейтін болса, әйел басшысынан қорқады және ұят болады деген қоғамның қысымымен бұл жағдайды жария етуден бас тартып жатады. Бұл тек қана Қазақстан емес, Орталық Азия елдеріне, пост-кеңестік елдерге тән бір құбылыс.

Харассментке ұшыраған қыз-келіншектер кеш те болса ашық айыптауларға көшті. Ая Өміртай бұл Қазақстанға енді жеткен "Вайнштейн эффектісі" дейді. Айта кетейік, осыдан 6 жыл бұрын голливудтық атақты продюссер Харви Вайнштейн харассмент үшін 23 жылға сотталған еді. Оның үстінен 80 әйел арыз жазған. Атағына қарамастан қатаң жазалау біздің қоғамға да керек-ақ.