$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Президент БҰҰ-ның СПЕКА-ға қатысушы елдер басшылары саммитінде сөз сөйледі

AstanaTV
24.11.2023ж. 19:19
1326
Президент БҰҰ-ның СПЕКА-ға қатысушы елдер басшылары саммитінде сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Орталық Азия елдері басшылары мен жиынға қатысушы құрметті қонақтарға ілтипат білдірді.

– Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болды. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өткім келеді. Арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Былтыр Қазақстанның төрағалығы аясында біз Бағдарламаның негізгі бағыттары жөніндегі ықпалдастықты нығайтып, оны жүзеге асыру үшін маңызды шаралар қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан СПЕКА-ны дамытуға, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ өңірінің ынтымақтастығын нығайтуға Әзербайжан Республикасының қосқан үлесін жоғары бағалайды. СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының бүгінгі тарихи әрі тұңғыш саммиті атқарылған ауқымды жұмыстың түйіні болмақ.

– Бүгінгі кездесу нәтижесінде біздің ашықтық, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген көпжақты ынтымақтастығымыздың көкжиегі кеңейетініне сенімдімін. Геосаяси тұрғыда бөлшектену белең алып, жаһандық экономиканың конъюнктурасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда Арнайы бағдарламаның мән-маңызы арта түседі. Ортақ мүддені ескере отырып, СПЕКА-ны одан әрі дамыту жөнінде өз көзқарасымды ортаға салуға рұқсат етіңіздер. Орнықты даму қағидаттары мемлекеттеріміздің ұлттық стратегиялары мен бағдарламаларының өзегіне айналды. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сәйкестендірілді. Үкіметіміздің ең басты міндеті – сапалы білім беру мен денсаулық сақтау ісінің баршаға қол жетімді болуын қамтамасыз ету. Жуырда күшіне енген жаңа Әлеуметтік кодексте әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды қорғау тетіктері жетілдірілді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады.

– Сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге елдеріміздің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Қазақстан мен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Былтыр өзара сауда көлемі үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Біз бір-бірімізді бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады. Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. «Жасыл» дәліздер жасау, түрлі кедергілерді алып тастау сауда-саттық жөніндегі ынтымақтастығымызға, соның ішінде құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастығымызға тың серпін береді. Сонымен қатар біз серіктестеріміздің тиісті ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.