Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқанова енді кинопродюсер атанбақшы. Бұған дейін өнер мектебін ашып, әншілерге продюсер болған Мөлдір отбасы, бала тәрбиесі, шығармашылығындағы жаңалықтар туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.
- Мөлдір ханым, сұхбатқа келіскеніңізге көп рақмет. Әңгіменің әлқиссасын шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы. Қандай сүйінші жаңалықтарыңыз бар?
Жаңалық көп. Қазіргі заман қолды жылы суға малып қойып жайбарақат отыратын заман емес. Жалындаған жастық шақта мейлінше еңбек етіп қалу керек. Біреулер "мынау менің мотиваторым, мен осы адамға қарап жігерленемін" деп жатады ғой. Мен олай айтпаймын. Адамның бәрін бірдей Алла жаратты ғой. Менің ең басты мотивациям - деннің саулығы, аяқ-қолдың бүтіндігі, он екі мүшенің амандығы. Өнер жолындағы бірінші жұмысым - продюсерлік. Қазір бір жылдан асты домбырашы, әнші Ақтоты Болышеваны қанатымның астына алдым. Бір жылдың ішінде біршама жақсы нәтижеге жеттік. Ақтоты алғаш маған келгенде тек домбырашы еді. Бірақ менің пікірімше, тек қана домбыра тартатын өнерпазға қолдау азырақ. Сол үшін Ақтотыға әншілікті де жүктедік. Шүкір, халықтың алғысын алып жүр. Екінші үлкен жаңалығым - жақында кино әлеміне қадам бастым. Бұл туындымның басқалардан ерекшелігі - балалар киносы. Өздеріңіз білетіндей, менің "ММ" өнер мектебім бар. Бұл мектептің басқа бизнестер сияқты өз фишкасы болуы керек деп ойладым. Киномыздың тағы бір ерекшелігі - бұрын-соңды бұл сферада өнер көрсетпеген әртістер қатысты. Мысалы, Құрмаш Маханов, Гүлнұр Оразымбетова, Жанерке Елшін, Ақтоты Болышевалармен қоса өзім де осы туындыларда бой көрсеттім. Бұл туындыларды алғашында "балалар киносы" деп алғанмен, сценарийді жаза келе "отбасылық сериал" деп шығардық. Қазір екі сериал түсіріп қойдық. Бұйырса, отандық телеарналардан тамашалайтын боласыздар.
- Үнемі жұмыспен, күйбең тіршіліктің бітпейтін қарбаласымен жүрген кезде балаларыңызға уақыт бөліп үлгересіз бе? Балаларыңыздың қызығушылықтарын қаншалықты бағалайсыз?
- Кез-келген ана секілді мен де бала тәрбиесіне келгенде өз бойымнан мін іздеп отырамын. Өзіме кінә артатын да кездерім болады. "Мен оларға дұрыс көңіл бөлмей жатырмын ба?", "олардың таңдауын тыңдай алып жатырмын ба?", деп жиі ойлаймын. Баланың өз қалауын орындаймын. Таңдауын құрметтеймін. Таңдаған саласына қолдау білдіріп отырамын.
- Осыдан он жыл бұрын танымал адамдардың балалары әртүрлі мектеп-гимназияда білім алса, қазір 99 пайыз әріптестеріңіз балаларына америкалық білім жүйесіндегі жеке меншік мектептерді таңдайды. Өзіңіздің балаларыңыз қандай мектепте білім алуда?
Үлкен екі баламыз мемлекеттік мектепте білім алып жатыр. Екі кішкентайымыз жеке мектепте оқиды. Ондағы мақсат "мен мемлекеттік мектептің біліміне сенбеймін" дегенде емес. Балаларымды жеке мектепке бергендегі ойымыз ағылшын тілінде еркін сөйлесін дедік. Шүкір балаларыма ұнайды. Адал еңбегімізбен балаларымызды оқытып жатырмыз. - Өнер мектебіңіздің жұмыс істеп келе жатқанына 5 жылдай уақыт өтіпті. Қазір мектеп жұмысы қалай өрбуде? Талантты балалардың ішінде әлемдік додаларда топ жарып жүрген өнерпаздар бар ма? - Басын ашып айту керек, өнер мектебі - бизнес көзі емес. Бір баланың төлеген 18-20 мың теңгесі қазір 2-3 адамның бір күндік шай пұлымен тең. Ата-ана төлеген ақша балалардың өздеріне кетеді. Яғни, мұғалімге төлейтін ақша, есеп беру кештері, аспаптар, костюмдер сияқты шығындар өтеледі. Сондықтан, өнер мектебін табыс көзі ретінде көрмеймін. Тек осы салаға қосқан, жастардың дамуына қосқан үлесім деп білемін. Шүкір, талантты балалар өте көп. Түлектеріміз үлкен өнер ордаларына грантқа оқуға түсіп жатыр. Үлкен сахналарды, телевизиялық бағдарламаларды, киножобаларды бағындырып жүр. Бұл мектепке келгендегі мақсат "жұлдыз болу" болмау керек. Басты мақсат - баланың тұлғалық дамуы. Бала осы өнер саласын әрі қарай алып кетпегеннің өзінде өз ортасында лидер болып, ойын ашық айта алса оның өзі үлкен жетістік. Мен мұны ата-аналарға айтып отырамын.
- Әлеуметтік желіні табыс көзі ретінде санайсыз ба?
- Мен Instagram-да ғана белсендімін. Әлеуметтік желіні табыс көзі деп айтуға әбден болады. Себебі, саған сеніп, өзінің кәсібін жарнама жасатып жатса, оған қуануымыз керек. Мен бұл қызметті ақылы жасаймын. Бірақ таныстарымның, жағдайын айтып өтініш білдіргендердің жарнамасын тегін жасап жатамын. Бұны ашық түрде айтамын. Ұялатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Біреудің кәсібінің дөңгелеп кетуіне себеп болып жатсам, қуанамын.
- Жарыңыздың монологтарында әйелдерге қатысты әзілдер көп. Оны өзіңізге қабылдамайсыз ба?
- Жолдасымның монологтарындағы әйелдер образы ол тек қана менің прототипім емес, кез келген қазақ әйелінің кейпі десем болады. Себебі, қазақ отбасындағы әсіресе өзіміз сияқты ауылдық жерден шыққандардың менталитеттері бірдей ғой. "Кешке үйге келгенде үй жиналмаған, тамақ дайын емес, әйел күні бойы ғаламтордан шықпайды" деген монологын оқып жатқанда, қасымдағы отырған адамдар "Мөлдір, сен туралы айтып жатыр ма?" деп сұрады. "Иә, мен туралы айтып жатыр" дедім. Қайсыбіріне басын ашып түсіндіріп отырамын. Сол үшін мен ондайға арланбаймын. Тұрекеңнің айтатын әңгімелері әр жанұяда бар. - Үйде ақшаны кім ұстайды? Үйде ақшаны Тұрекең ұстайды. Бірақ әйел адамның өзінің де қажеттілігіне жұмсайтын қаржысы болу керек деп ойлаймын.
- Қаржылық сауаттылыққа қалайсыз?
Менің мамандығым - экономист. 4 жыл экономика факультетін оқып, қызыл дипломмен тәмамдағанмын. Сондықтан, қаржылық сауаттылықты менен сұрасаңыз болады. - Үнемі даму үстінде жүретініңізді білеміз. Бірнеше аспапта ойнайтыныңызды да білеміз. Өнер қаныңызда бар ма, әлде жарыңызға қызығып үйрене бастадыңыз ба? Адам баласы әрдайым даму үстінде болуы керек. Мен өзім өнерлі отбасынан шыққанмын. Анам өнер адамы болған. Өкінішке қарай, 13 жасымда өмірден озып кетті. Қаршадайымыздан еңбекпен қоса өнерге баулып өсірді. Сабақтан келген соң, үйдің шаруаларын жасап, мал жайғап, ән, би, хор сияқты үйірмелерге баратынбыз. Кейін, өсе келе отбасылық ансамбль құрдық. Ауыл арасында "Мұқановтар" отбасылық ансамблі атанып, алғыс алып жүрдік. Қазір көбі "дайын асқа тік қасық", "продюсер болғысы келді, бола салды" деп сынап жүр. Өнерге ертеден жақынмын. Үлкен ағам анамның жолын қуып, музыкалық білім алды. Мені өнерге жібермеді. Сондықтан, әкемнің мамандығын, экономика саласын таңдадым. Осы мамандықпен 21 жасымнан мемлекеттік қызметте істедім. Төртінші баламды дүниеге әкелгеннен кейін, ойландым. Үнемі қолбайлау болатын жұмыстан отбасыма, бала-шағама аз көңіл бөлетін болдым. Сөйтіп, өнер мектебін аштым. Баян, домбыра, фортопиано аспаптарында еркін ойнай аламын. Қазір укулеле аспабына қызығып жүрмін. Аспапты арнайы сатып алып, Youtube қарап үйреніп жатырмын. Арнайы курс сатып алып, үйірмеге қатыспаймын.