$498.34 €519.72 ₽4.85
×

15 жыл бала күткен оралдық әйел ауыр дертке душар болды

27.11.2023ж. 20:00
1171
15 жыл бала күткен оралдық әйел ауыр дертке душар болды

15 жыл бала күткен оралдық келіншек ауыр дертке душар болды. Ал анасы бұған дәрігерлерді кінәлайды. "Қызыма тиісті ем-дом уақытылы жасалмады" дейді. Осының кесірінен 32 жастағы Әйгерімнің ауруы асқынып, арты қатерлі ісік ауруына ұласқан. Қазір қауіпті кесел өкпесін зақымдап жатқан көрінеді.

Сақыпжамал Дүйсәлиева дені сау қызымды дәрігерлер дертті қылды дейді. Айтуынша, сәби сүюді 15 жыл зарыға күткен қызы ақыры ЭКО жасатады. Бірақ жағдайы нашарлағанда көмек сұрап барған дәрігері жатырын кесіп алып тастапты.

Сақыпжамал ДҮЙСӘЛИЕВА, НАУҚАСТЫҢ АНАСЫ:

Олар гормональный дәрілерді беріп-беріп, басында ода уже опухоль болған. Олар соны қанша... бір түсті, екі түсті. Бес рет түскен екен. Бес рет түскеннің ішінде олар ең болмағанда бір обследованиеден өткізбей тұр ғой. Сол кезде обследованиеден өткізгенде сол кезде оны құрттай болса да біліп, химия алып, сақтап қалуға болатын еді. Мінеки осы доғдырлардың кеткен қателігі деген осы.

Ал Науқасты ажалдан құтқардым деген дәрігер Әйгерімнің анасына өкпелі. Өйткені келіншектің өзі ауыр дертке шалдыққанын білсе де, уақытылы тексерілмеген, емделмеген. Енді қолын мезгілінен кеш сермеп, бізді айыптап отыр дейді.

Алик ИСТАЕВ, "МЕДОРТАЛЫҚ" ЖШС ГИНЕКОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Науқастан "хорионэпителиома" деген кесел анықталды. Обырдың бұл түрі жүкті әйелде кездеседі. Егер ол бала көтермесе, мүлдем ауырмас еді. Жиі-жиі қан кетті. Бізге алтыншы рет келгенінде жатырын алып тастамаса, жағдайы қиындайтынын ескерттім. Операция кезінде жатырдағы обыр асқынғанын анықтап, облыстың бас онкологын алдырттым. Ақыры ауру мүшені алып тастадық. Әйтпесе өліп қалуы мүмкін еді.

Бірақ Әйгерімнің жағдайы операциядан кейін де оңалмаған. Кесел өкпеге шауып кеткен. Кеңес берген шетелдік мамандар да жағдай қиын екенін ескертіпті. Бұған ашынған анасы кінәлілердің қатаң жазалануын талап етіп отыр. Ал фармбақылау департаменті бұл даулы істі тексеру қорытындысы 15-желтоқсанда шығатынын жеткізді.