$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар облысында дәрігерлік амбулатория жылусыз қалды

29.11.2023ж. 20:00
709
Павлодар облысында дәрігерлік амбулатория жылусыз қалды

Павлодар облысының Железин ауданында дәрігерлік амбулатория жылусыз қалды. Бұған осы ауылдағы мектепті жылыту үшін қойылған насос себеп болса керек. Осыдан бірнеше күн бұрын арнамыздан Прииртышское ауылындағы мектептің бір апта бойы жылусыз отырғанын көрсеткен болатынбыз. Оқушылар қашықтықтан оқуға мәжбүр болды. Жылу жүйесін қалпына келтіру үшін ыстық суды жылдам айналдыратын сорғы орнатылды. Алайда, соның кесірі көрші тұрған амбулаторияға тиген. Орталық магистральге қосылған медициналық нысан іші азынап кетіпті.

Закир БАРАТОВ, УЧАСКЕЛІК ДӘРІГЕР:
Дүйсенбіден бастап тоңып отырмыз. Мектепке сорғы қосылғаннан соң бүкіл жылу сонда кетіп жатыр. Біз қазір тоқ жылытқыштарды қосып отырмыз. Аяз түссе бәрі қатады. Сондықтан орталықтандырылған жылу құбырынан ажыратып, осындағы қолмен жағылатын жеке қазандықты қосуды ойлап отырмыз.
Лариса ОПАНАСЕНКО, ЛАБОРАНТ:
Акушерлік кабинеттен бастап батареялар суып кетті. Кеше мүлдем жылу болған жоқ. Бүгін сәл ғана жылы. Жұмыс істеу мүмкін емес. Аппаратуралар тоқтап қалды. Акушерлік, ем қабылдау, физио кабинеттері бәрі сұп-суық.
Прииртышское ауылында жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары басталғалы 10 күн болды. Алайда, жұмыс нәтижесіз. Жергілікті шенділер ақауды бірер күнде толық жөндейміз –деп сендірді.