Алматыда 30 қарашада жатақханалардың бірінен өрт шығып, 13 адам қаза болды.
Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, 30 қарашада сағат 05:33-те Алматы қаласы Ади Шәріпов көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде келді. Келген бойда жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің 1 қабаты және жертөлесі жануы анықталды.
Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы 30 шаршы метрді құрады.
"Қабылданған шаралармен өрт 06:22-де жойылды. Алдын-ала ақпаратқа сәйкес өртті барлау және сөндіру барысында 13 адам қаза тапты, олардың жеке басы анықталуда. Көміртегі тотығымен уланған", - делінген хабарламада.
Өрт болған жерге Алматы қаласы ТЖД 46 адам және 13 бірлік техника жұмылдырылды. ТЖД өрт пен қаза болудың себебі анықталып жатқанын, ақпарат түсуіне қарай толықтырылатынын мәлімдеді.