«Нұр Отан» ел Үкіметімен
бірлесіп партияның сайлауалды бағдарламасының сапалы әрі уақытылы орындалуын
қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ, партияның алдында «100 нақты қадам» Ұлт
жоспары, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруды бақылау ісі мен қоғамдық
қабылдауларға түскен тұрғындар мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарды күшейту
міндеттері тұр. Павлодар облыстық филиалының кезектен тыс 19-шы конференциясына
қатысқан партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов осы
мәселелерге тоқталды.
Кезектен тыс 19-шы
конференцияның күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Алғашқысы - облыстық филиалға
жаңа төраға тағайындау. Бұл лауазымға жуырда ғана Павлодар облысының әкімі
болған Болат Бақауов ұсынылды. Оның кандидатурасын жиналған қауым бірауыздан
қолдады.
Конференция барысында төрағаның
бірінші орынбасары ел тарихындағы маңызды оқиға - Мәжіліс пен мәслихаттар
сайлауында Павлодар өңірінің көш басынан табылғанын атап өтті. Сайлаушылардың
82 пайызға жуығы өз таңдауын билік партиясына берген. "Бұл - облыстық
филиал мен бастауыш ұйымдардың, партия белсенділерінің қажырлы еңбегінің
жемісі",- деді Асқар Мырзахметов. Дегенмен, алда атқарылатын жұмыс көп.
Олардың қатарында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша партиялық бақылауды күшейту,
елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге
асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жалғастыру.
Байшот Шыңғысов, Ертіс аудандық
мәслихатының хатшысы:
Өткен съезде «Нұр Отан» партиясының басшысы Нұрсұлтан Назарбаев нақты тапсырмалар қойды. «Нұр Отан»
партиясының сайлауалды бағдарламасын қойды. Оның бәрін біз жүзеге асырып,
депутат ретінде халық үшін жұмыс істеймін деп ойлаймын.
Партияның сайлауалды
тұғырнамасында білім беру саласына ерекше мән берілген. Әсіресе кәсіптік
мамандыққа. Бұл - өндірісті өңір Павлодар үшін маңызды бағыт. 2017 жылдан
бастап техникалық оқыту тегін беріледі. Жаңашылдық ірі кәсіпорындарындағы
кадр тапшылығы мәселесін сатылап шешетін болады.
Қабылқақ Қапенов, Павлодар
технологиялық колледжінің директоры:
Павлодар облысында бүгінгі күні
кәсіптік білім алып жатқан балалар жалпы тегін білім алады. Сол себепті,
келешекте осы біздің студенттер еліміздің түкпір-түкпірінде жақсы маман болып,
келешекте үлкен үлестерін қосады деп ойлаймын.
Партия белсенділерінің алдына
қойылған тағы бір міндет - тұрғындармен тұрақты байланысты нығайту ісі. Бұл
тұста жергілікті фракциялардың халықпен жұмысын жүйелендіру маңызды. Осының
барлығы саяси ұйымға үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Наурызбай Әсетұлы, «Нұр Отан»
партиясы Павлодар облыстық филиалы бастауыш ұйымының мүшесі:
Шетелдегі оқуымнан келгеннен
кейін өңірдегі УПНК деген зауытқа жұмысқа орналастым. Сол сәттен бастап
"Нұр Отан" партиясының мүшесі болып табыламын. Жұмыс жасап жатқан жерімде
өзім шамалас жастар көп. Менің ойымша, ұйымшылдық пен мықты тәртіп ол жоғары
көрсеткіштердің негізі болып табылады.
Мамырдың 1-не дейін жаңа
сайлауалды бағдарламаның нақты көрсеткіштері бекітіледі. Оны партиялықтар
Үкіметпен келісе отырып қабылдамақ.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ