Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Масс-медиа» туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

30.11.2023ж. 20:30
623
«Масс-медиа» туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Телеарнадағы қоғам наразылығын тудырған бағдарламаларға шектеу қою керек. Депутаттар осындай ұсыныс айтты. Жастарды табыстырамыз деген жоба ұлтымызды жойып, ақиқатты айтуды көздейтін хабар халқымызды құртуы мүмкін, - дейді. Сол үшін көрерменге жол тартқан әр материалды мониторингтен өткізуді ұсынды. Бұдан бөлек, қазақ тілді бағдарламалардың үлесін 70 процентке жеткізу керегін айтты. Мәжілісте қаралған «Масс-медиа туралы заң» бұл мәселелерді шеше ала ма? Аружан Задабек түсіндіреді.

«Көрермен түнде ұйықтамай ма?» Бұл- менің емес, депутаттардың сөзі. Қазыбек Иса тұрғындар ана тіліндегі қызық бағдарламаларды көру үшін түн ұйқысын төрт бөлуге мәжбүр екенін айтады. Сол үшін үлесті 70 пайызға жеткізуді ұсынды.

Қазыбек ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Қазақ тілді хабарлардың бәрі елдің жатып қалған уақытында, түн жарымда емес, жұрт оқитын уақытта болуы тиіс. Қазақтар түнімен ұйқтамайды деп ойлайды ма, түн жарымда тікелей хабар беріп жатады. Бұл қазақша хабарлар 70 пайыздан кем болмауы тиіс.
 «Масс-медиа туралы заң» жеке меншік компаниялардың жұмысын реттеуді де көздейді. Қазір аутсорсинг мекеме көп. Олардың не түсіріп, қандай материал ұсынып жатқанын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Сондықтан депутаттар ұлтымыздың менталитетіне сай келмейтін жобаларды жабуды ұсынды. Ел алдында жұп іздеген қыз-жігіттердің әрекеті ұлт тағдырына балта шабады деп есептейді. Отбасындағы құпия мәселелерді жұртқа жаю, тіпті, ұят екенін айтады.

Ринат ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Анау-мынау бағдарламалардан танылып алған жастар онлайн-платформаларын жарнамалайды. Дәлел бар оған. Оның сыртында неше түрлі ток-шоулар бар. Өзінің қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны неге көруіміз керек телеарнадан? Телеарнадан өзінің жынысын өзгерткен адамдар жайлы бағдарламаларды неге көруіміз керек? Осындай бір ұсыныс бердік, мониторинг жасайық, тоқтатайық деп.
 «Масс-медиа туралы заңның» басты мақсаты – журналист мүддесін қорғау. Негізі елімізде бұқаралық ақпарат құралдары мамандарының құқығын қорғайтын заң бар. 158-бап 2015 жылы енгізілген. 8 жылдың ішінде тек 21 қылмыстық іс қозғалған. Осыған қарап төртінші билік өкілдерінің қауіпсіздігі толық сақталған деп айту қиын. Ал жаңа заң жобасы осы олқылықтың орнын толтырады, - дейді Бас прокурордың орынбасары.

Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Екі жақтың татуласуына байланысты қылмыстық істердің қысқарғаны туралы фактілер бар. Енді бұл қылмыстық іс тек арыз-шағым түскен кезде ғана қозғалады. Сол себепті істердің қозғалуы немесе қозғалмауы көбіне БАҚ өкілдерінің полиция органдарына дер кезінде шағымдануына тікелей байланысты, әрине. Жалпы проблеманы мен естідім.
Заң жобасы бойынша енді журналистерге пресс-карта берілуі мүмкін. Оны мемлекеттік орган бекітеді. Құжатты алу үшін маманның 3 жыл еңбек өтілу болуы тиіс. Бірақ бұл бөлім біраз БАҚ қызметкері мен кей депутаттың көңілінен шықпады. Министрлік әлі де өзгеріс болады деп сендірді. Ең бастысы, аталған заң мемлекет пен қоғамның мүддесін және қазіргі медиасаланың даму ерекшеліктерін ескере отырып жасақталған. Құжат қабылданғаннан кейін медиа қызметкерлерінің жұмысы әлдеқайда жеңілдейді, - дейді министр Аида Балаева.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында, азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді. Заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгілейді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 күнге қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ тарапынан да жақсы баға алып үлгерді.
Жалпы, бұл құжаттың талқыланып жатқанына 5 ай болды. 20-дан астам отырыс өтіп, министрліктің, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа-сарапшылардың қатысуымен 200-ден аса толықтыру енгізілген. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Екінші оқылымға дейін жоғарыда депутаттар көтерген мәселелер министрлікпен бірге қайта талқыланады.