Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Талғарда әйгілі археолог Карл Байпақовтың құрметіне көше атауы берілді

01.12.2023ж. 20:00
751
Талғарда әйгілі археолог Карл Байпақовтың құрметіне көше атауы берілді

Алматы облысы Талғар қаласында жаңа көше ашылды. Оған әйгілі тарихшы, археолог Карл Байпақовтың есімі берілді. Салтанатты іс-шараға ғалымның жақындары, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Карл Байпақов Қазақстанның ортағасырлық қалалары тарихын, қала мен дала арасындағы өзара байланысты зерттеп, ғылымда жаңа бағытты дамытты. Көрнекті ғалым Қазақстандағы алғашқы археология бойынша тарих ғылымдарының докторы атанды. Жұбайы Тамара Савельева да дәл осы салада көп жылдан бері еңбек етіп келеді.

Тамара САВЕЛЬЕВА, К. БАЙПАҚОВТЫҢ ЖҰБАЙЫ, ТАРИХШЫ-АРХЕОЛОГ:

Археологияны зерттеуге бар өмірін арнаған академиктің есімін ұлықтап жатқанына қуаныштымын. Ол 60жылдық еңбегін «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық урбанизациясы» деп аталатын төрттомдық монографиясына енгізді. Сол үшін де Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Біз көп жыл бойы бірге қызмет еттік. Тіпті, балаларымызды да өзімізбен қазба жұмыстарына алып баратынбыз.

Карл Молдахметұлының табанды еңбегінің нәтижесінде 2014 жылы Ұлы Жібек жолының бірінші бөлігі ЮНЕСКО –ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Ондағы 33 қаланың ішінде Талғар қаласы да бар.

Ералы АҚЫМБЕК, Ә.Х.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ ОРТАҒАСЫР АРХЕОЛОГИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ол кісі маған сабақ берді. Оның шәкірті болып табыламын. Қазақстан археология ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Талғар қаласының зерттелуіне ол кісі мұрындық болды. Зерттеу нәтижесінде Талғардың аумағынан, сыртынан, ішкі бөлігінен көптеген материалдар анықталды. Темір, металлдан жасалған бұйымдар, көмбелер көп шыққан блатын.

Карл Байпақовтың есімі берілген қала шеңберіндегі көше ұзындығы -6 шақырым.

Бақыт КҮРІШБЕКОВ, ТАЛҒАР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мынау үлкен даңғыл «Бірлік-Ақбұлақ» трассасы деп аталады. Ол жерде түгел үйлер қамтылған. Талғар қаласының осы жылы бас жоспарына қосымша 700 гектарды қосқанбыз. Ол жерде де үлкен жолдар, даңғылдар беріледі. Және оның бәріне атау беру жұмыстарын жалғастыратын боламыз.

Айта кетейік, соңғы 1 жылда Талғар қаласында 436 көше атауы ауыстырылды.